Қазақстанда несиесі бар адамдар саны 9 миллионнан асты
Қазақстанда жеке тұлғаларға берілген несие портфелі 26,5 трлн теңгеге жетті. Ал 2026 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша 9,16 млн адамның өтелмеген несие шарты бар. Бұл көрсеткіш елдегі жұмыспен қамтылған халық санына жақындаған, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Экономист Руслан Сұлтанов «Бірінші несие бюросы» мен Ұлттық статистика бюросының деректерін салыстырып, қазақстандықтардың несие жүктемесіне қатысты бірқатар көрсеткішке назар аударды.
Несие алғандар саны
«Бірінші несие бюросының» мәліметінше, 1 қыркүйекте Қазақстанда өтелмеген несие шарты бар 9,16 млн адам тіркелген.
Ал Ұлттық статистика бюросының дерегі бойынша, 2026 жылдың екінші тоқсанында елдегі жұмыспен қамтылған халық саны 9,28 млн адам болған. Яғни екі көрсеткіштің айырмасы небәрі 120 мың адам шамасында. Алайда бұл Қазақстанда жұмыс істейтін азаматтардың барлығына жуығы несие төлеп отыр дегенді білдірмейді.
Сұлтановтың түсіндіруінше, несие алушылардың қатарында жұмыспен қамтылған азаматтармен бірге зейнеткерлер, студенттер және еңбек нарығындағы жұмыспен қамтылғандар санатына кірмейтін басқа да адамдар бар. Сондықтан 9,16 млн борышкерді 9,28 млн жұмыспен қамтылған адаммен тікелей салыстырып, «жұмыс істейтіндердің 99 пайызының несиесі бар» деген қорытынды жасау дұрыс емес.
Несиеге қанша кетеді
Ұлттық статистика бюросының үй шаруашылықтары бойынша дерегі тағы бір маңызды көрсеткішті көрсетеді.
2026 жылдың екінші тоқсанында халықтың ақшалай шығысы жан басына шаққанда бір тоқсанда орта есеппен 358,6 мың теңге болған. Соның 26,2 мың теңгесі несие мен қарыздарды өтеуге жұмсалған. Бұл жалпы ақшалай шығыстың 7,3 пайызына тең.
Айлық есеппен алғанда бір адамға шаққандағы несие төлемі шамамен 8,7 мың теңге болып шығады. Елде 9 миллионнан астам адамның өтелмеген несие шарты барын ескерсек, бұл көрсеткіш тым төмен көрінуі мүмкін.
Экономист мұның себебін есептеу әдістемесімен түсіндіреді. Ұлттық статистика бюросы несие төлемін тек қарызы бар адамдар арасында емес, зерттеуге қатысқан барлық үй шаруашылығы бойынша есептейді. Олардың арасында несиесі жоқ отбасылар да бар. Бұған қоса шығын жан басына бөлінетіндіктен, несие төлемейтін балалар мен отбасының басқа мүшелері де орташа көрсеткішке кіреді.
Мәселен, төрт адамнан тұратын отбасы банкке ай сайын 120 мың теңге төлесе, жан басына шаққандағы көрсеткіш 30 мың теңге болып есептеледі.
Тағы бір айырмашылық – деректердің алыну тәсілінде. Ұлттық статистика бюросының көрсеткіштері үй шаруашылықтарының берген жауабына сүйенсе, несие бюросының мәліметтері ресми несие шарттарына негізделеді. Сондықтан Руслан Сұлтанов 7,3 пайыздық көрсеткішті әрбір несие алушының жеке қарыз жүктемесі ретінде қабылдауға болмайтынын атап өтеді.