$ 454.98 € 509.53 ₽ 5.37
Спорт

«Азияда кеткен есем бар еді, сол үшін сындырғым келді»: Төрехан Сабырхан алтын алған соң сұхбат берді

Жапонияда өтіп жатқан жазғы Азия ойындарында 70 келіге дейінгі салмақта топ жарған боксшы жекпе-жекті қорытындылады. Төрехан Сабырхан финалдық кездесу қалай өткенін журналист Аслан Қаженовке берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Финалдағы тактика

Сөзінше, финал керемет өтті. Қарсыласы – иорданиялық Зеяд Ишаишты жан-жақты зерттеген.

Бәрі ойдағыдай. Азия чемпионаты кезінде осы боксшыға алдыға көп жүрген болатынмын. Кеше бокс видеосын көріп, бапкерлермен талқылаған болатынбыз. Жоспар оған бармай, алдыма келтіру болды. Соны ойдағыдай орындап шықтым, – деді боксшы.

Төрехан жекпе-жек кезінде Ишаиштың өзіне жақындамай, орнында тұрып алғанын айтты. Бұған дейін өзі үнемі алға атойлаған екен, осы жолы тактиканы өзгерткен.

«Үшінші раундта бәрі есіме түсті»

Иорданиялық боксшы атылған кезде, қазақстандық боксшы күтіп алғанын жеткізді.

Екі раунд бойы ұтып келе жаттым. Көрген боларсыздар. Ал үшінші раундта аяқта ойнап, қашып жүрсем де болар еді. Бірақ олай етпедім. Азия чемпионатында жібергем есем бар. Бұл боксшы талай қазақ ағаларымды ренжітіп қойған болатын. Кей жанкүйер осыдан соң мені чемпион бола алмайды деп күмәнданды. Үшінші раундта бәрі есіме түсті. Соңына дейін барып, сындырғым келді. Тағы бір раунд болғанда жеткізбеуші едім, – деді боксшы.

Алдағы жоспары

Төрехан Сабырхан жарыс бойы қолдауын төккен қалың жанкүйерге алғысын жеткізді. Алдағы жоспарына Астанада өтетін әлем чемпионатына дайындықты қосып қойған. Төрехан түпкі мақсаты – Олимпиада ойындарының алтыны екенін айтты.

Back to top button