$ 454.98 € 509.53 ₽ 5.37
Жаңалықтар

Украина майданда алғаш рет өз өндірісінен шыққан баллистикалық зымыранды қолданды

Украина президенті Владимир Зеленский отандық өндірістен шыққан тактикалық баллистикалық зымыранның алғаш рет соғыс жағдайда қолданылғанын мәлімдеді. Ол қарудың сынақтан сәтті өткенін айтып, видеосын жариялады, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Жаңа зымыранның ерекшеліктері мен алғашқы соққы

Зеленский өзінің Telegram-арнасында жаңа қарудың алғашқы нәтижесіне көңілі толатынын жеткізді. Ол зымыранның қай бағытта және қандай нысанаға қарсы қолданылғанын нақтыламады.

«Украиналық тактикалық баллистика. FP-7. Алғашқы жауынгерлік қолданыс. Нәтиже үшін рақмет. Бұдан әрі – өндірісі жолға қойылады», – деп жазды Украина президенті.

УНИАН агенттігінің мәліметінше, жаңа зымыранның техникалық сипаттамасы америкалық танымал қарумен деңгейлес. Fire Point қорғаныс компаниясының бас құрастырушысы Денис Штилерманның айтуынша, FP-7 баллистикалық зымыраны – америкалық ATACMS зымыранының тікелей баламасы.

Алайда оның өзіндік құны батыстағы нұсқадан 2,5 есе арзан. Сонымен қатар, маман бұл қару кеңестік С-400 зымыранының клоны екенін әрі ол «қолда бар ұшыру қондырғыларын толтыру мақсатында» арнайы жасалғанын атап өтті.

Еуропа одағының қолдауы: 2026 жылға арналған қажеттіліктер толық өтелді

Жаңа қарудың қолданысқа енуімен қатар, Киев халықаралық серіктестерінен де маңызды қолдауға ие болып отыр. 1 қазан күні Еуропалық комиссия биылғы жылға жоспарланған Украинаның қаржылық және әскери қажеттіліктері толық қамтамасыз етілгенін ресми түрде мәлімдеді.

«Бүгін үйлесімді бірлескен күш-жігердің арқасында біз Украинаның 2026 жылға арналған бюджеттік және қорғаныс қажеттіліктерін өтеуге арналған ресурстарды таптық. Сондай-ақ, біз оларды уақтылы ұсыну үшін қажетті қадамдарды растадық», – делінген Еурокомиссия төрағасы Урсула фон дер Ляйеннің мәлімдемесінде (Euronews ақпараты бойынша).

Осылайша, Украина бір жағынан өз әскери-өнеркәсіптік кешенін дамытып, жаңа қару түрлерін майданға шығарса, екінші жағынан Батыс елдері тарапынан ұзақмерзімді қаржылық кепілдіктерге қол жеткізіп отыр.

Back to top button