Сот Ұлдана Мырзуан ісін прокурорға қайтарды
Астанадағы қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сот залында соңғы нүктесі қойылуға шақ қалған Ұлдана Мырзуан ісінің барысы жаңа сипат алды, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Жәбірленушілердің өтініші
Айыпталушы орындығында отырған мүлік иелері бірлестігінің (МИБ) төрайымы соңғы сөзін айтуға қамданып, ал судья үкім шығаруға дайындалып жатқан сәтте жәбірленуші тараптың өкілі сот тергеуін қайта бастау туралы тосын өтініш түсірді. Оған басты себеп – марқұмның өмірін жалмаған апатты тұрғын үйді салған құрылыс компаниясына қатысты тергеудің күтпеген жерден қайта жандануы. Қорғаушылардың пайымдауынша, көк тіреген ғимаратты тұрғызған алпауыт компанияға қатысты шығатын шешім МИБ төрайымының ісіне тікелей әсер етуі тиіс. Себебі адам өліміне алып келген ғимараттағы ақаулардың түп-төркіні құрылыс сапасына барып тірелуі мүмкін.
Сот қолдады
Бұл ұстанымды айыпталушы жақтың адвокаты да толық құптады. Жағдайдың мән-жайын жан-жақты саралаған судья Меруерт Абаева өтінішті қанағаттандырып, іс материалдарын қадағалаушы прокурорға кері қайтару туралы кесімді шешім қабылдады. Ендігі кезекте екі бөлек қаралған іс біріктіріліп, ғимарат сапасына жауаптылар мен оның күтіміне жауаптылардың кінәсі ортақ таразыға тартылмақ.
Ұлдана Мырзуан ісі
Еске салсақ, 8 қарашада Астанада тоғыз қабатты тұрғын үйдің сыртқы кірпіш қаптамасы опырылып, астында бірнеше тұрғын қалып қойған. Көмекке жедел жәрдем бригадасы, оның ішінде фельдшер Ұлдана Мырзуан жеткен. Құтқару жұмысы барысында ғимараттан кондиционер қондырғысы құлап, Ұлдана мен тағы бір фельдшердің басына тиген. Жалпы оқиға салдарынан 5 адам жарақат алған.
Ұлдана 10 күн бойы ауыр халде жансақтау бөлімінде жатты. Дәрігерлер оны құтқарып қалу үшін бар күшін салғанмен, 18 қараша күні 23 жастағы Ұлдана Мырзуан көз жұмды. Сол күні мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев оны «Ерлігі үшін» медалімен марапаттады.
Бұған дейін Ұлдана Мырзуанның қазасына қатысты сот процесінде сот-медициналық сараптаманың қорытындысы жарияланды.
Сондай-ақ құрылыс саласының маманы Вероника Лабаева Ұлдана Мырзуан ісінде айтылған ғимараттан анықталған ақаулар туралы баяндады.