$ 454.98 € 509.53 ₽ 5.37
Жаңалықтар

Фельдшер Ұлдана Мырзуан ісі: тергеу қайта басталуы мүмкін

Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында 23 жастағы жедел жәрдем фельдшері Ұлдана Мырзуанның өліміне қатысты процес мәресіне жетіп қалған. Тіпті сотталушы – мүлік иелері бірлестігінің (МИБ) төрайымы Сәуле Жұбаниязова сот алдындағы соңғы сөзін сөйлеуі тиіс болатын. Алайда жәбірленуші тараптың өкілі сот тергеуін үкім шыққанға дейін қайта бастау туралы өтініш түсірді, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Процестің бұлай өрбуіне қайғылы оқиға болған тұрғын үйді салған құрылыс компаниясына қатысты жаңа деректің шығуы себеп болды. Өткен аптада құрылыс компаниясына қатысты тергеудің қайта басталғаны белгілі болған. Адвокаттың пайымдауынша, құрылыс компаниясына қатысты іс бойынша шығатын шешім МИБ төрайымының ісіне тікелей ықпал етуі ықтимал.

«Тергеу судьясының шағымды қарау қорытындысы – қылмыстық құқықбұзушылықтың толық мән-жайын және әрекеті немесе әрекетсіздігіне баға берілуі тиіс адамдар тобын анықтау үшін тікелей маңызға ие болуы мүмкін», – деді жәбірленуші тарап өкілі Орынбеков.

Бұл өтінішті сотталушы Сәуле Жұбаниязованың адвокаты Алтынбек Таңқыбаев та толықтай қолдады. Тараптардың ұстанымын тыңдаған судья Меруерт Абаева процесте үзіліс жариялады.

Ұлдана Мырзуан ісі

Еске салсақ, 8 қарашада Астанада тоғыз қабатты тұрғын үйдің сыртқы кірпіш қаптамасы опырылып, астында бірнеше тұрғын қалып қойған. Көмекке жедел жәрдем бригадасы, оның ішінде фельдшер Ұлдана Мырзуан жеткен. Құтқару жұмысы барысында ғимараттан кондиционер қондырғысы құлап, Ұлдана мен тағы бір фельдшердің басына тиген. Жалпы оқиға салдарынан 5 адам жарақат алған.

Ұлдана 10 күн бойы ауыр халде жансақтау бөлімінде жатты. Дәрігерлер оны құтқарып қалу үшін бар күшін салғанмен, 18 қараша күні 23 жастағы Ұлдана Мырзуан көз жұмды. Сол күні мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев оны «Ерлігі үшін» медалімен марапаттады.

Бұған дейін Ұлдана Мырзуанның қазасына қатысты сот процесінде сот-медициналық сараптаманың қорытындысы жарияланды. 

Сондай-ақ құрылыс саласының маманы Вероника Лабаева Ұлдана Мырзуан ісінде айтылған ғимараттан анықталған ақаулар туралы баяндады.

Back to top button