$ 454.98 € 509.53 ₽ 5.37
Без рубрики

ҚМДБ шулы сұхбаттардан соң Исматулла Мақсұм жөнінде мәлімдеме жасады

Кейінгі кезде әлеуметтік желілер мен интернет платформаларда Исматулла Мақсұм есімімен танылған азамат пен оның қолдаушыларына қатысты түрлі сұхбаттар мен жазбалар тарап, бұл тақырып қоғамда қызу талқыға түсіп жатыр. Осыған орай, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы (ҚМДБ) арнайы мәлімдеме жасап, аталған тұлғалардың ресми діни ведомствоға ешқандай қатысы жоқ екенін жария етті, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Зорлық-зомбылық пен мәжбүрлеу – діндегі ауыр күнә

Мүфтият өз мәлімдемесінде Исматулла Мақсұм мен оның жақтастарының іс-әрекеттері һәм діни көзқарастары Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұстанымына мүлде сәйкес келмейтінін нақтылады. Басқарма бұған дейін де аталмыш топтың әрекеттеріне қатысты өзінің ресми бағасын бергенін еске салды.

“Дінімізде адам баласына зорлық-зомбылық жасау, қорқыту, біреудің ақысына қол сұғу, адамды мәжбүрлеу ауыр күнә болып саналады”, – делінген мәлімдемеде.

Сонымен қатар, діни басқарма өкілдері Ислам дінінің негізгі қағидаларын алға тарта отырып, адам баласына зорлық-зомбылық көрсету, қорқыту, біреудің ақысына қол сұғу және адамды қандай да бір іске мәжбүрлеу ең ауыр күнәлардың қатарына жататынын қатаң ескертті. Мұндай әрекеттердің шынайы мұсылмандық сипатқа жат екені баса айтылды.

Ясауи мұрасын теріс пиғылға пайдалануға жол берілмейді

Мәлімдеменің тағы бір маңызды тұсы – Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың есімі мен мұрасына қатысты болды. ҚМДБ ұлы ойшылдың мұрасы бүкіл халқымыздың сан ғасырлық рухани қазынасы екенін айта келе, оны қандай да бір жеке тұлға немесе топтың өз мүддесі үшін, теріс діни пиғылда пайдалануына жол берілмейтінін жеткізді.

Осы орайда, мүфтият барша қазақстандықтарды дін атын жамылып, тек өзінің ғана діни ұстанымын дұрыс санап, адамды өзіне тәуелді ететін және жұртты соқыр сенімге жетелейтін кез келген ортадан барынша сақ болуға шақырды.

«Ислам діні адамзат баласын қашанда ізгілікке, өзара құрмет пен ынтымақ-бірлікке үндейді» делінген Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ресми хабарламасында.

Back to top button