«Қарсы шықсаң – қамаласың»: Шымкент тұрғыны інісі зорлықпен Ресейде соғыс әкетілгенін мәлімдеді

Шымкент қаласы тұрғыны бауыры, 2006 жылы туған Айнабек Ресейге жұмыс істеуге кетіп, соғысқа әкетілгелі жатқанын айтып дабыл қақты. Жас жігіт маусым айында ғана Алматыдағы Ұлттық ұлан қатарында Отан алдындағы әскери борышын өтеп қайтқан. Ал 27 тамызда досымен бірге көрші елге табыс табу мақсатында барған, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Күзетшілік қызметтен – майдан шебіне дейін
Жақындарының сөзінше, Ресейге барған бойда жастарға күзетші болып жұмыс істейтіндері айтылып, «БАРС» деген атауы мен логотипі бар құжаттар ұсынылған.

Айнабек орыс тілін толық түсінбегендіктен, қағаздардың мән-мағынасын нақты білмеген. Алайда қасындағы достары бұл құжаттардың расымен де күзет жұмысына қатысты екенін растап берген.
Бірақ келесі күні олар алғаш қол қойған құжаттардың көзі жойылып, орнына мүлдем басқа қағаздар әкелінген. Қазақстандық жастар бұл келісімшарттарға қол қоюдан бас тартқан кезде, оларға «артқа қайтар жол жоқ», «қарсы шықсаңдар, түрмеге қамаласыңдар» деп сес көрсетіп, қорқытқаны айтылды.
Луганск маңынан жеткен жан айқайы
Қазіргі таңда, туыстарының мәліметінше, Айнабек Луганск маңындағы аумақта болуы мүмкін. Қолда бар деректерге сүйенсек, оның жанында тағы да 8 қазақ азаматы бар және олар қазір Лугансктағы 58198 соғыс бөлімінде ұсталып отыр. Айнабектің өзі айтқандай, оларды кезек-кезек ұрыс аймағына жөнелтіп жатыр.

Жігіт жақындарына WhatsApp желісі арқылы кейде өзінің, кейде шетелдік азаматтың нөмірінен хабарласып, араша сұраған. Айнабектің қауіпсіздігіне қатты алаңдаған отбасы жағдайды тез арада анықтап, оны соғыс аймағынан аман-есен шығаруға көмек сұрап отыр. «Басқа аналар да сақ болса, ешкім ол жаққа жұмыс істеуге бармаса деген үлкен тілегіміз бар» дейді Айнабектің әпкесі.