Полиция қызметкері 270 мың теңге үшін қылмысқа барды

Оралда қызметтік жағдайын пайдаланып алаяқтық жасаған бұрынғы полиция қызметкеріне сот үкімі шықты, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Шетелдіктерден 270 мың теңге алған
Іс материалдарына сәйкес, сотталушы Орал қалалық полиция басқармасының көші-қон қызметі бөлімінде инспектор болып жұмыс істеген. Лауазымды тұлға ретінде оның міндетіне көші-қон заңнамасының сақталуын бақылау кірген.
«Сот Ж.-ның көші-қон қызметінің инспекторы қызметін атқара отырып, лауазымды тұлға ретінде көші-қон заңнамасының сақталуын бақылағанын анықтады. 2025 жылғы ақпанда тексеру іс-шараларын жүргізу барысында ол уақытша тіркелген шетел азаматының іс жүзінде тіркелген мекенжайында тұрмайтынын және жеке тасымалдаумен айналысатынын анықтаған», – деп хабарлады Батыс Қазақстан облыстық сотының баспасөз қызметі.
Осы жағдайды пайдаланған полицей заңда көзделген шараларды қолданбай, шетел азаматынан пайда табуды ұйғарған.
Ол Қазақстанда болуына байланысты мәселелерді шешуге көмектесемін деген желеумен, сондай-ақ тағы бір шетел азаматына уақытша тұруға рұқсат рәсімдеуге жәрдемдесуге уәде беріп, олардан ақша алған. Шетел азаматтары үшінші тұлғалардың банк шоттарына 270 мың теңге аударған.
Тергеу дерегінше, полицей олардың мәселесін шешуді және берген уәделерін орындауды бастапқыда-ақ көздемеген.
Кейін шетелдіктердің бірі Қазақстаннан шығу кезінде шекара жасағына ұсталған. Көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін ол сот шешімімен Қазақстан аумағынан шығарылған.
270 мың теңге үшін 2,7 млн теңге айыппұл
Сот бұрынғы көші-қон инспекторын кінәлі деп таныды.
Оған алынған соманың он еселенген мөлшерінде – 2 млн 700 мың теңге айыппұл салынды.
Мұнымен қатар, бұрынғы полиция қызметкері мемлекеттік қызметте лауазым атқару құқығынан өмір бойына айырылды.
Сот белгілеген айыппұл үкім заңды күшіне енген күннен бастап бір ай ішінде төленуге тиіс.