Жұмыссыз мәртебесі қалай беріледі: Қазақстанда жаңа тәртіп күшіне енді
Елде жұмыссыз мәртебесін алу тәртібіне өзгеріс енгізілді. 1 қазаннан бастап өзіне қолайлы жұмыс іздеу кезеңі екі күннен 13 күнге дейін ұзартылды, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Жұмыс іздеуге 13 күн беріледі
Бұл туралы мұның алдында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлаған болатын. Министрлік ақпаратынша, осы уақыт ішінде Мәнсап орталығы мамандары азаматтың еңбек өтілі, білімі мен дағдыларын егжей-тегжейлі зерделеп, оған сәйкес келетін бос жұмыс орындарын ұсына алады. Қажет болса жұмыс берушілермен де байланысады.
Егер азаматқа қолайлы жұмыс табылса, 13 күн күтудің қажеті жоқ. жұмыссыз мәртебесін алу үшін белгіленген мерзімнің аяқталуын күтудің қажеті жоқ. Бұдан бөлек, азаматтарға кәсіби оқыту, субсидияланатын жұмыс орындары және жұмыспен қамтуға бағытталған басқа да қолдау шаралары ұсынылуы мүмкін.
Төлем әзірге өзгермейді
1 қазаннан бастап жұмысынан айырылуына байланысты әлеуметтік төлемді тағайындау тәртібі өзгермейді.
Бұған дейін министрлік 1 қазаннан бастап жұмыссыздық бойынша төлем мерзімі қысқаратынын хабарлаған болатын. Дегенмен бұл өзгерісті енгізу кейінге қалдырылды. Осы жылдың соңына дейін төлем қолданыстағы тәртіп бойынша беріледі.
Қазір жұмысынан айырылған азамат әлеуметтік төлемді алты айға дейін ала алады. Оның мөлшері соңғы 24 айдағы әлеуметтік аударымдар жүргізілген орташа айлық табыс пен міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліне байланысты есептеледі. Қазір төлем мөлшері әлеуметтік аударымдар жасалған орташа айлық табыстың 45 пайызын құрайды.
2027 жылдан 1-қаңтарынан бастап не өзгереді
Келер жылдың басынан жұмысынан айырылуына байланысты әлеуметтік төлемді алу мерзімі ең көбі үш ай болады.
Төлем мерзімі азаматтың міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу ұзақтығына қарай белгіленеді:
- 6 айдан 12 айға дейін – 1 ай;
- 12 айдан 24 айға дейін – 2 ай;
- 24 айдан және одан көп – 3 ай.
Төлем мөлшері азаматтың соңғы 24 айдағы орташа айлық табысы мен әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу мерзіміне қарай есептеледі.
Сонымен қатар төлемнің ең жоғары мөлшері республикалық бюджет туралы заңда белгіленген ең төменгі жалақының жеті еселенген мөлшерінің 45 пайызы деңгейінде белгіленеді. Мысалы, егер 2027 жылы ең төменгі жалақы 85 мың теңге деңгейінде сақталса, жұмыссыздық бойынша ең жоғары төлем 267 750 теңге болады.
Жұмысынан айырылса, қайда жүгінеді
Жұмысынан айырылған азамат алдымен жұмыс іздеуші ретінде тіркелуі қажет. Ол үшін тұрғылықты жері бойынша Мәнсап орталығына жүгіне алады немесе eGov.kz порталы мен Enbek.kz электрондық еңбек биржасы арқылы тіркелуге болады.
Мәнсап орталығы азаматқа лайықты бос жұмыс орындарын ұсынады. Егер сәйкес жұмыс табылмаса, азамат жұмыссыз ретінде тіркеледі.
Бұдан бөлек, жұмыс іздеушілерге кәсіби оқыту және қайта даярлау, субсидияланатын жұмыс орындары, қоғамдық жұмыстар, жастар практикасы, кәсіпкерлік бастаманы қолдау және жұмыс күші қажет өңірлерге ерікті түрде қоныс аудару сияқты жұмыспен қамту шаралары ұсынылады.