«Біз террористердің көзін жойдық»: Flydubai жолаушысының видеосы тарады
Дубайдан Тель-Авивке бет алған Flydubai ұшағы Сауд Арабиясының Табук әуежайына шұғыл қонғаннан кейін борттағы жолаушы түсірген видео әлеуметтік желіде тарады. Видеода ер адам ұшақтағы жағдайды баяндап, көмек қажет екенін айтады, деп хабарлайды Tizgin.kz.
«Біз террористердің көзін жойдық. Қазір қонуға дайындалып жатырмыз. Мені естіп тұрғандар болса, бізге көмек қажет. Ұшқыштан басқасының бәрі аман-есен», – дейді видеодағы жолаушы.
Айта кетейік, Flydubai компаниясының FZ1073 рейсі 30 қыркүйекте Дубайдан Тель-Авивке бағыт алған. Ұшақ әуеде төтенше жағдай туралы бірнеше сигнал бергеннен кейін бағытын өзгертіп, Сауд Арабиясының солтүстік-батысындағы Табук әуежайына қонған.
Пилоттар арасындағы жанжал
Reuters агенттігіне аты-жөнін жарияламаған израильдік шенеунік төтенше сигналдардың берілуіне ұшқыштар арасындағы физикалық жанжал себеп болғанын мәлімдеді.
Flightradar24 дерегінше, Boeing 737 алдымен жалпы төтенше жағдай сигналын, бірнеше минуттан кейін бортқа заңсыз араласу болуы мүмкін екенін білдіретін сигналды берген. Кейін ұшақ қайтадан жалпы төтенше жағдай сигналын жіберіп, Табук әуежайына аман-есен қонған.
Flydubai компаниясы рейс кезінде «оқиға» болғанын растағанымен, оның нақты мән-жайын жариялаған жоқ.
«FZ1073 рейсі Табук әуежайына қауіпсіз қонды. Барлық жолаушы аман және түгел. Біздің командалар тиісті органдармен тығыз жұмыс істеп жатыр», – деп мәлімдеді әуе компаниясы.
Алғашқы ақпаратта Израиль премьер-министрінің кеңсесі болған жайтты ұшақты басып алу оқиғасы ретінде қарастырмайтынын хабарлаған. Алайда Reuters кейінірек израильдік шенеуніктердің оқиғаны ықтимал террорлық әрекет ретінде де қарастырып жатқанын жазды. Әзірге оқиғаның нақты себебі мен пилоттардың әрекетіне қатысты түпкілікті қорытынды жарияланған жоқ.
Ұшақтағы жолаушылар зардап шекпеген. Flydubai оқиғаға байланысты құзырлы органдармен жұмыс істеп жатқанын мәлімдеді. Израиль билігі жолаушыларды елге қайтару шараларын қолға алған.