Эвакуацияға 12 975 теңге: Алматыда арнайы тұрақтардың ақысы белгіленді
Алматыда 4 қазаннан бастап көліктерді коммуналдық арнайы тұрақтарға эвакуациялау және сақтау үшін ақы төлеудің бірыңғай тәртібі енгізіледі. Барлық санаттағы көлікті эвакуациялау құны 12 975 теңге болып белгіленді, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Эвакуациялау және сақтау құны қанша
Көліктің барлық санаты үшін эвакуациялау ақысы 3 АЕК, яғни 12 975 теңге болады.
Жеңіл автокөлікті арнайы тұрақта сақтаудың алғашқы тәулігі үшін 2,5 АЕК – 10 812,5 теңге төлеу қажет. Әрбір келесі тәуліктің ақысы 5 АЕК – 21 625 теңге болып белгіленген.
Осылайша, жеңіл автокөлікті эвакуациялау мен арнайы тұрақта алғашқы тәулік сақтау құны жалпы 23 787,5 теңгені құрайды.
Жаңа тәртіп қандай көліктерге қолданылады
Жаңа тәртіп Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске сәйкес құқық бұзушылыққа байланысты ұсталып, коммуналдық арнайы тұрақтарға эвакуацияланған көлік құралдарына қолданылады.
Қазір коммуналдық арнайы тұрақтарда тұрған көліктердің иелеріне автокөлігін 3 қазанға дейін алып кету ұсынылады.