Францияда оқушылар жаппай көтеріліске шығып жатыр
Елдің бірқатар өңірінде жоғары сынып оқушыларының наразылық акциялары күшейіп, кемі 338 лицейде сабаққа кедергі келтіру жағдайлары тіркелген, деп хабарлайды Tizgin.kz.
БАҚ не дейді
Олар білім беру сапасына әсер етіп отырған мұғалімдер мен медицина қызметкерлерінің тапшылығына, сыныптарда орын жетпеуіне наразы. Est Républicain басылымы мәліметінше, олар оқу жағдайын жақсартуды талап етіп, елдің әр өңірінде акция ұйымдастырған. Наразылық кезінде кей жерлерде сабақтар тоқтатылып, тәртіпсіздік пен күш қолдану фактілері тіркелген. Тіпті, жекелеген лицейлерде оқу процесі белгісіз мерзімге тоқтатылған.
Францияның Білім министрлігі таратқан мәліметке сәйкес, 29 қыркүйек күні ел бойынша кемі 338 лицейде наразылық акциялары тіркелді.
Наразылық қашан басталды
Мұндай толқу 17 қыркүйекте Кретей қаласындағы Сен-Экзюпери лицейінде басталды. Оқушылар мұғалімдердің жетіспеушілігіне байланысты наразылық білдірген. Кейін акциялар Францияның өзге қалаларына да тараған.
Дегенмен наразылық кезінде кейбірі күш қолданып, мүлікке зиян келтіруге дейін барған.
Соққыға жығылғандар ішінде мұғалім де бар
Le Parisien газеті хабарлауынша, Францияның ұлттық білім министрі Эдуар Жеффре акциялар кезіндегі зорлық-зомбылықты айыптаған. Министр мәлімдеуінше, тәртіпсіздіктер салдарынан жоқ дегенде 10 білім беру мекемесі қызметкері мен бірнеше оқушы зардап шеккен.
Зиян шеккендер арасында соққыға жығылған мұғалім де бар көрінеді. Сондай-ақ бір лицей директоры миномет үлгісіндегі құрылғыдан атылған оқтан жарақат алғаны хабарланды.
Қанша адам ұсталды
Алдын ала мәліметке сәйкес, құқық қорғау органдары наразылыққа қатысқан 50-ге тарта адамды ұстаған. Олардың 34-і қамауға алынған.
Франция билігі оқу орындарындағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге басымдық беріп отыр. Ал оқушылар мұғалімдер мен медицина қызметкерлері тапшылығын шешіп, сыныптардағы оқушы санын азайтуды талап етуде.