Зайсан көлінен сегіз күннен кейін екі балықшының да мәйіті табылды
Шығыс Қазақстандағы Зайсан көлінде бір аптадан аса уақытқа созылған ауқымды іздестіру-құтқару жұмысы ресми түрде аяқталды, деп хабарлайды Tizgin.kz.
22 қыркүйек күні Күршім ауданына қарасты Балықшы ауылдық округінің 1979 және 2001 жылғы екі тұрғыны таңсәріде көлге кеткен. Алайда межелі уақытта жағаға оралмаған соң, дабыл қағылып, төтенше жағдайлар қызметі мен бүкіл ауыл жұрты аяғынан тік тұрған.
Су астында қалған қайық және үзілген күдер
Құтқарушылар мен өңір жұртшылығы іздеуге алғашқы күннен-ақ жұмылды. Іздестіру тобы жағалаудан шамамен 3-4 шақырым ұзаған тұста түбі тесілгендей батып кеткен қайықты тапты. Сол сәттен бастап-ақ жағдайдың тым күрделі әрі қауіпті екені белгілі болған.
29 қыркүйек күні өзен-көлдің қыр-сырын жақсы білетін жергілікті тұрғындар өз қайықтарымен іздеу барысында 2001 жылғы жас жігіттің мәйітін тапты. Ал бүгін, 30 қыркүйекте ТЖМ құтқарушылары арада сегіз күн өткенде екінші балықшының – 1979 жылғы азаматтың денесін су түбінен алып шықты.
63 мәрте суға сүңгіген
Төтенше жағдайлар министрлігінің жасағы көл түбіне барлығы 63 мәрте сүңгу жұмысын жасап, әрбір метрді сүзіп шықты. Көл беті мен ұзын бойы созылып жатқан жағалау сызығы ұшқышсыз ұшу аппараттарының (дрондардың) көмегімен үздіксіз бақыланды. Қазіргі уақытта іздестіру операциясы толық тоқтатылып, оқиғаның мән-жайын анықтау үшін сот-медициналық сараптамалар белгіленді.