“Оларды танымаймын”: қаралы күнде тікелей эфирде билеген блогер қамалды

Петропавлда жалпыұлттық аза тұту күні тікелей эфирде билеп, қаза тапқан әскери қызметшілерге байланысты аза тұтпайтынын айтқан 42 жастағы әйел 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынды. Сот оны ұсақ бұзақылық жасағаны үшін кінәлі деп таныды, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Тікелей эфирде не айтты
25 қыркүйекте Петропавл тұрғыны әлеуметтік желідегі тікелей эфир кезінде билеген. Ол қаза тапқан әскери қызметшілерді жеке танымағанын айтып, олардың өліміне байланысты аза тұтпайтынын мәлімдеген.
«Мен оларды жеке танымадым», – деген блогер.
Осы жағдайға байланысты полиция тексеру жүргізіп, жиналған материалдарды сотқа жолдаған.
Сот қандай шешім шығарды
29 қыркүйекте сот 42 жастағы әйелді ұсақ бұзақылық жасағаны үшін кінәлі деп танып, оған 10 тәулік әкімшілік қамау жазасын тағайындады.
Әйелдің тікелей эфирдегі әрекетіне қатысты іс әкімшілік тәртіппен қаралды.
Каспийдегі трагедия
24 қыркүйек күні Маңғыстау облысында оқу-жаттығу кезінде тоғыз әскери қызметші қаза тапқаны белгілі болған еді. Кейін құрбан болғандар саны одан да көбейді. Осы оқиғадан кейін Мемлекет басшысының өкімімен 2026 жылғы 25 қыркүйек Қазақстан Республикасында жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды. Аталған оқиға бойынша тергеу екі баппен жүргізіліп жатыр.
Бас прокуратура іс бойынша күдікті лауазымды адамдар анықталғанын хабарлады. 25 күні таңертең соңғы екі әскери қызметкердің денесі табылды. Осы оқиғадан кейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қорғаныс министрлігіндегі ахуалды кешенді тексеру жөніндегі комиссия құрды.
Көп өтпей Дәурен Қосанов министр қызметінен кетіп, оның орнына Айдос Мырзахметов тағайындалды.