Қазақстанда алғаш рет хирургтар роботтың көмегімен асқазанға күрделі ота жасады
Алматы онкология орталығында Қазақстанда алғаш рет асқазанның бір бөлігін үлкен хирургиялық тілік жасамай алып тастау бойынша роботтың көмегімен ота жасалды. Бұл туралы Tizgin.kz порталы Денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасап хабарлайды.
Ота кезінде ICG-навигациясы қолданылды
Отаны орталықтың хирургтар тобы роботтандырылған хирургиялық жүйені қолдана отырып орындады.
Ота барысында ICG-навигациясы – хирургқа қажетті анатомиялық құрылымдарды неғұрлым анық көруге мүмкіндік беретін технология қолданылды. Сондай-ақ, онкологиялық қағидаттарға сәйкес өңірлік лимфа түйіндерін алып тастауды көздейтін D2 лимфодиссекциясы жүргізілді.
Хирургтар робот арқылы отаны қалай жасайды
Отаның қалай өткенін және роботтандырылған хирургияның қандай мүмкіндіктер ашатынын Алматы онкология орталығы онкохирургия бөлімшесінің меңгерушісі, PhD докторы Нұрлан Балтаев айтып берді.
«Роботтандырылған жүйе хирургқа жоғары дәлдікпен жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Біз ота жасайтын алаңды үлкейтілген үш өлшемді кескін арқылы көреміз, анатомиялық құрылымдарды егжей-тегжейлі қарап, қолжетімділігі қиын аймақтарда күрделі манипуляциялар жасай аламыз. Сонымен қатар, жүйе хирург қолының табиғи микродірілін сүзгіден өткізеді», – дейді ол.
Пациент үшін роботтандырылған технология үлкен хирургиялық тіліктің орнына шағын тесіктер арқылы күрделі ота жасауға мүмкіндік береді. Бұл отаның жарақаттылығын азайтып, пациенттің барынша жылдам қалпына келуіне жағдай жасайды.
Алматыда роботтандырылған хирургияның мүмкіндігі кеңейіп келеді
Асқазанға жасалған ота Алматы онкология орталығы мамандары орындаған 15-ші роботтандырылған ота болды. Бұған дейін роботтандырылған оталарр тоқ ішек пен тік ішек, қуықасты безі, бүйрек және жатыр денесінің аурулары кезінде жүргізілген.
Орталықта жыл сайын 3 мыңнан астам ота жасалады, оның 60 пайыздан астамы аз инвазивті әдіспен орындалады. Бірқатар жағдайларда осы тәсілдің арқасында пациент операция жасалған күні-ақ орнынан тұрып, қозғала бастай алады.
Роботтандырылған технологияларды енгізу заманауи онкологиялық хирургияның мүмкіндіктерін кеңейтіп, аз инвазивті тәсілдерді қолдана отырып, барған сайын күрделі операцияларды орындауға мүмкіндік береді.