ЕрекшеЖаңалықтарОқиға

Үш бала көз жұмып, үшеуі зардап шекті: Абай облысында көлік балаларды қағып кетті

Абай облысының Үржар ауданына қарасты Бестерек ауылында балалар үйдің қасында, жол жиегіне жақын жерде ойнап жүрген. Жеңіл көлік жүргізушісі рөлге ие бола алмай, оларды қағып кеткен, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Мемлекет басшысының тапсырмасымен зардап шеккендерге көмек көрсету үшін құрамында реаниматолог, нейрохирург және травматолог бар медициналық бригада мінген Қорғаныс министрлігінің әскери-транспорттық ұшағы оқиға орнына барған.

Абай облысы ПД баспасөз қызметінің хабарлауынша, жол-көлік оқиғасы 19 тамыз күні шамамен сағат 16:00-де Бестерек ауылында болған. Алдын ала дерекке сәйкес, Toyota автокөлігінің 55 жастағыжүргізушісі тізгінге ие бола алмай, үй қақпасының жанында, жолдан 10 метр қашықтықта тұрған балаларды қағып кеткен. Салдарынан екі бала оқиға орнында, біреуі ауруханаға барар жолда көз жұмды. Тағы үшеуі түрлі жарақатпен ауруханаға жеткізілді. Абай облысының денсаулық сақтау басқармасы олардың жағдайы ауыр екенін мәлімдеді.

Көлік жүргізушісі ұсталып, Үржар аудандық уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қылмыстық іс қозғалды. Медициналық тексеру нәтижесінде жүргізушінің оқиға кезінде мас болмағаны анықталды.

«Жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтап, барынша мұқият болуға, әсіресе тұрғын үйлер мен балалар жүретін орындар маңында абай болуға шақырамыз», — делінген полицияның үндеуінде.

Денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауынша, Үржар ауданына Астанадан барған дәрігерлер зардап шеккендердің өмірі үшін күресіп жатыр.

Абай облысының әкімі Берік Уәлидің тапсырмасымен қаза тапқан балалардың отбасыларына жерлеу рәсімін ұйымдастыруда қажетті көмек көрсетіліп, сондай-ақ психологиялық және материалдық қолдау жасалатын болды.

Back to top button