$ 454.98 € 509.53 ₽ 5.37
ЖаңалықтарОқиға

Астанада әйел өлімінен соң полицияның төрт қызметкері ұсталды

Астанада күйеуінің қолынан қаза тапқан әйелдің өлімінен кейін төрт полиция қызметкері ұсталды, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Полицияға бірнеше арызданды

Kriminal Kazakhstan мәліметінше, 23 қыркүйек күні үйдің маңындағы автотұрақта бұрынғы ерлі-зайыптылар жанжалдасып қалған.

Тергеу материалдарына сенсек, 1993 жылы туған Талант Камиден әйелге 16 рет пышақ сұғып, өліміне себепші болды. Ер адам қолға түсіп, уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Мұның алдында әйел бұрынғы күйеуінің ұрып-соғып, зорлағаны туралы полицияға бірнеше мәрте арызданған. Оған дейін ер адамға қатысты қорғау нұсқамалары шығарылып, қылмыстық істер тергелген. Одан бөлек, 7 және 9 қыркүйек күні әйел пышақпен қорқытқанын айтқан.

ІІМ тергеу жүргізе бастаған

Адам өлтіру оқиғасынан соң ІІМ Өзіндік қауіпсіздік департаменті қызметкерлері марқұмның осыған дейінгі арыз-шағымдарымен жұмыс істеген тәртіп сақшыларының әрекетіне қатысты тексеру жүргізе бастаған.

Төрт полицей ұсталды

Күдіктінің өзі де мұның алдында полицияда қызмет еткен. Мәлім болғандай, ол ішкі істер органдарында 2014 жылдан 2026 жылғы 29 шілдеге дейін жұмыс істеп, кейінірек өз еркімен қызметтен кетті.

29 қыркүйек күні елордада бір күн бұрын теріс себептермен қызметтен босатылған төрт полиция қызметкері қолға түсті. Арасында «Сарыарқа» ауданы тергеушісі мен учаскелік инспекторы, сонымен қатар «Нұра» ауданының екі учаскелік инспекторы бар.

Барлығы уақытша ұстау изоляторына қамалды. Олар ҚР Қылмыстық кодексінің 371-бабының 2-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеу аясында ұсталды.

Бұдан өзге, оқиғадан кейін Астана қаласы Полиция департаменті бастығының тергеу жөніндегі орынбасары қызметінен босатылды.

Шабуылға қатысты не белгілі

Мұның алдында Астанада әйел бұрынғы күйеуінің қолынан қаза болғанын жазған едік. Содан күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Полицияға әйелге шабуыл жасалғаны туралы хабарлама 22 қыркүйек күні сағат 20:00 шамасында түскен. Оқиға орнына полиция қызметкерлері барған.

Құрбысы бөліскен деректер

Одан соң көз жұмған әйелдің құрбысы әлеуметтік желіде жазба жариялап, істің мән-жайын айтып, әділдік орнатуға көмектесуді сұрады. Оның сөзінше, марқұм бұған дейін полицияға екі рет арызданған.

«23.09.26 жылы Астана қаласында, біздің кұрбымыз, 1996 жылы 1 наурызда туған Адауова Жазира қаза тапты. Сараптама қорытындысына сейкес, оның бұрыңғы күйеуі оған 16 рет пышақ жарақатын салған. Осы жағдайға дейін полицияға 2 рет арыздаңған. Бірінші рет 18.08.2026 жылы адамды ұрлау, ұрып-соғу, адамның өміріне қастандық жасау бойынша, екінші рет рет 07.09.2026 жылы үйінің маңайында пышақпен аңдып тұрғаны үшін арыз жазылған. Өкінішке қарай, соңы осылай аяқталды», – деп жазды марқұм Жазираның құрбысы.

Back to top button