$ 454.98 € 509.53 ₽ 5.37
Жаңалықтар

Осы аптада қай өңірлерде жылыту маусымы басталады

Ауа райының біртіндеп суытуына байланысты апта соңына дейін тағы бес өңірде жылу берілетіні белгілі болды, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Отын қоры жеткілікті ме

Ресми ақпаратты Энергетика вице-министрі Қайырхан Тұтқышбаев Үкімет отырысында бөлісті. Мәлім болғандай, қазіргі жылыту маусымы Ақмола, Павлодар, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстары және Шығыс Қазақстан өңірінің Риддер қаласында басталған.

Ауа райы көрсеткіштеріне қарай, осы аптаның аяқталғанша Астана қаласында, сондай-ақ Қарағанды, Ақтөбе, Атырау және Абай облыстарында жылыту маусымын бастау жоспарланып отыр.

Энергия көздерінде қажетті отын қоры жинақталып, тиісті жабдықтар дайындалған. 17 мың шақырым электр беру желісіндегі жөндеу толық көлемде орындалды. Төрт қосалқы станциядағы жұмыстар аяқталу сатысында. Жылу желілерінің жалпы дайындығы жоспарланған 377 шақырымның 374 шақырымына жетті, – деді Тұтқышбаев.

Ол жылу маусымына дайындық деңгейі бойынша бірқатар өңір Энергетика министрлігінің ерекше бақылауында екенін жеткізді.
Айтуынша, өткен аптада Петропавл қаласында үш жылу магистралін реконструкциялау жұмыстары аяқталды.

Тұтқышбаев берген тапсырма

Степногорск қаласында әлеуметтік нысандарға жылу беру 25 қыркүйекте басталды. Жылу магистралін реконструкциялау аяқталды. Қазір желілерді тазалау және қысыммен сынау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ішкі тарату желілеріндегі жұмыстар да аяқталып, тұтынушыларды қосу басталды, – деді вице-министр.

Семей қаласында үш учаскедегі жұмыстардың орындалу деңгейі есепті аптада 12 пайызға өскен көрінеді. Осылайша, жоспардың жалпы орындалуы 82 пайызға жетті.

«Парус» және «Вирб» сорғы станцияларындағы жұмыстарды алдағы аптада аяқтау жоспарланған. Ал 340-шы кварталдағы сорғы станциясында жабдықты монтаждап, нысанды толық іске қосуға шамамен екі апта қажет. Жұмыстарды 15 қазанға дейін аяқтау көзделіп отыр. Осы ретте Абай облысы әкімдігіне жөндеу жұмыстарын барынша қысқа мерзімде аяқтау тапсырылды, – деді Қайырхан Тұтқышбаев.

Back to top button