$ 454.98 € 509.53 ₽ 5.37
Жаңалықтар

Астанада егізге жүкті әйел екі сәбиінен де айырылды: қызметтік тексеру жүріп жатыр

Астанада егізге жүкті әйел екі сәбиінен де айырылды. Туыстары дәрігерлерді салғырттық танытты деп айыптап отыр, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Оқиға қалай болған

Отбасында болған қайғылы жағдай туралы Threads желісінде науқастың туысы жазды. Оның сөзінше, егіздің біреуі жүктіліктің алтыншы айында шетінеп кеткен. Дәрігерлер әйелге екінші сәбиді жүктілік мерзімі аяқталғанға дейін көтеруге мүмкіндік бар екенін айтқан.

Алайда арада бірнеше апта өткен соң әйелдің жағдайы нашарлап, іш тұсындағы терісі көгере бастаған.

Туысының айтуынша, талдау нәтижелері нашар болғанына қарамастан, әйелге бірден ота жасалмаған. Отбасы 109 қызметіне шағымданғаннан кейін ғана дәрігер шақырылып, шұғыл ота жасау туралы шешім қабылданған.

«Сәби ыдырап жатыр ғой, тірісін құтқару керек. Бірақ олай болмады. Талдау нәтижелері өте нашар болса да, 109-ға шағымданғанымызға дейін үш күн ұстады. Содан кейін ғана бірден дәрігер шақырылып, ол шұғыл ота жасау туралы шешім қабылдады. Шетінеп кеткен сәбиді плацентаға зақым келтірмей алып шықты. Екінші сәби жүктіліктің 31-аптасында дүниеге келді. Дәрігер оның шымыр екенін айтты. Бірақ, өкінішке қарай, ол небәрі бір күн ғана өмір сүрді. Себебі – сепсис. Әрине, іштегі тірі сәби мен шетінеп кеткен сәбиді осынша уақыт бірге ұстаса, сепсис болады ғой», – деп жазды әйелдің туысы.

Сондай-ақ туыстары емхана мен аурухана қызметкерлері егіз сәбиінен айырылған әйелдің психологиялық жағдайына жеткілікті назар аудармады деп есептейді.

Қызметтік тексеру басталды

Астана қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы болған жағдайдан хабардар екенін мәлімдеді.

Ведомствоның мәліметінше, қазір пациент босанғаннан кейінгі бөлімшеде ем қабылдап жатыр. Жағдай бақылауға алынған.

Оқиғаға байланысты қызметтік тексеру басталды. Басқарма оның қорытындысы бойынша медициналық қызметкерлердің әрекетіне және болған жағдайға тиісті баға берілетінін хабарлады.

Нұрай Әкіремхан

Нұрән Әділет – Tizgin.kz ақпарат-сараптама порталының білім саласына маманданған тілшісі. С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-ды “қазақ тілі мен әдебиеті” мамандығы бойынша тәмамдаған. Филология ғылымдарының магистрі. Еңбек жолын ШҚО-дағы “Өскемен” газетінде корректор, артынша тілші болып бастаған. 2022 жылы “Jana Bastau” газетінде редактордың орынбасары болған. Әр жылдары Inbusiness.kz сайтында корректор, Qaz365.kz порталында тілші, Kursiv Media-ның Business News бөлімінің тілшісі болып жұмыс істеген. 2026 жылдың наурыз айынан бастап Tizgin.kz порталының арнайы тілшісі.
Back to top button