$ 454.98 € 509.53 ₽ 5.37
Жаңалықтар

Соғысқа күштеп әкетілген Мирастың оқиғасынан соң Қазақстан Ресейге нота жолдады

Қазақстан Ресейге жұмыс істеуге барып, кейін соғысқа алынған 25 жастағы астаналық Мирас Тасжарғановты елге қайтаруды сұрап, Ресейге нота жолдады. Алайда нота жіберілгеннен төрт күн өткенде жігіт анасына өзін майданға әкетіп бара жатқанын хабарлаған. Содан бері анасы ұлынан хабар ала алмай отыр, деп хабарлайды Tizgin.kz Азаттыққа сілтеме жасап.

Елшілік Мираспен байланысқан

Сыртқы істер министрлігі Азаттыққа жолдаған жауабында Қазақстан елшілігінің Мирас Тасжарғановпен байланысқанын хабарлаған. Сондай-ақ оны елге қайтаруға сұрап, Ресей тарапына нота жіберілгенін мәлімдеген.

Бұған дейін Мирастың анасы Гүлжан Тасжарғанова ұлының Ресей қарулы күштерімен келісімшартқа мәжбүрлі түрде қол қойғанын айтып, Қазақстан билігінен көмек сұраған еді. Алайда дипломатиялық нота жіберілгеннен төрт күн өткенде, 22 қыркүйекте Мирас анасына қайта хабарласқан. Ол өзін әскери көлікпен майданға әкетіп бара жатқанын айтқан.

Азаттықтың кейінгі мәліметінше, Мирас қазір Украина аумағында. Анасы сол қоңыраудан бері ұлымен байланыса алмай отыр.

«Саған үй, көлік алып беремін»

Бұған дейін Мирас Ресейге 20 тамызда жұмыс істеуге аттанғаны жазылған еді. Анасының айтуынша, ол OLX сервисінен тауар қаптап-ораушы жұмысын тапқан. Айына 90 мың рубль, шамамен 480 мың теңге жалақы ұсынылған.

Гүлжан Тасжарғанова – тоғыз баланың анасы. Мирас – тұңғышы. Күйеуінен ажырасқан әйел үлкен отбасының күнкөріс қамын ұлымен бірге көтеріп келгенін айтқан. Отбасы Астана шетіндегі шағын ауданда мемлекет уақытша тұруға берген жалдамалы баспанада тұрады. Анасының сөзінше, жәрдемақы, әлеуметтік төлемдер мен алимент тоғыз баланың қажетіне жетпеген. Отбасына көмектесуді ойлаған Мирас вахталық жұмысқа баруға шешім қабылдаған.

«Кетеріне екі күн қалғанда одан: “Қайда барасың?” деп сұрадым. Ол: “Мама, вахтаға кетіп барамын. Енді жақсы өмір сүреміз. Саған үй, көлік алып беремін. Барлық қарыз бен несиені жауып тастаймыз” деді», – дейді анасы.

Алайда Гүлжан Тасжарғанованың айтуынша, Курск қаласына жеткен ұлын уәде етілген тауар қаптап-орау жұмысының орнына шошқа союға мәжбүрлеген. Бір аптадан кейін Мирас үйіне қоңырау шалып, еңбек жағдайы мен тамаққа шағымдана бастаған.

«Таңертең бізді шошқа союға алып кетеді. Мен мұндай жұмысқа келіскен жоқпын. Мен жұмысқа тауар ораушы, жинақтаушы болып келгенмін деді», – дейді Гүлжан Тасжарғанова.

Анасының сөзінше, шошқа етін жемейтін Мирас кейде аш жүрген. Жұмысшылар түскі асқа келгенше сиыр немесе тауық етінен дайындалған тағам таусылып қалатын болған.

Азаттықтың бұған дейінгі материалында жұмыс берушіге шағымданған Мирас пен тағы бірнеше мигрантты ет комбинатынан әскери бөлімшеге алып кеткені айтылған. Кейін Мирас анасына Ресей қарулы күштерімен келісімшартқа қол қойғанын хабарлаған.

Back to top button