Ресейдің мәдениет министрі Қазақстанның «Достық» орденімен марапатталды

Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев Санкт-Петербургте Ресейдің мәдениет министрі Ольга Любимоваға II дәрежелі «Достық» орденін табыс етті. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен берілген марапат екі ел арасындағы достық пен мәдени байланыстарды нығайтуға қосқан үлесі үшін табысталды, деп хабарлайды Tizgin.kz Мәдениет және ақпарат министрлігіне сілтеме жасап.
Мәдени ынтымақтастық мәселелері Астанада талқыланбақ
Арман Қырықбаев Санкт-Петербургте өткен XII Халықаралық біріккен мәдениеттер форумына қатысты. Жиынға шетелден 43 ресми делегация жиналған. Оның 18-ін мәдениет министрлері бастап келген.

Форум аясында Қазақстан министрі ресейлік әріптесі Ольга Любимовамен кездесті. Кездесу басында Любимова Маңғыстау облысында қаза тапқан қазақстандық әскери қызметшілердің отбасылары мен жақындарына көңіл айтты.

Тараптар мәдениет саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту және бірлескен жобаларды іске асыру мәселелерін талқылады. Соның ішінде Қазақстан мен Ресей арасындағы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық жөніндегі кіші комиссияның жұмысына тоқталды.
Комиссияның бесінші отырысын 2027 жылдың бірінші жартысында Астанада өткізу жоспарланып отыр.
Қазақстанға Третьяков галереясының 30 туындысы әкелінеді
Кездесуде алдағы мәдени жобалар да сөз болды. 8 қазанда Әбілхан Қастеев атындағы Ұлттық өнер музейінде «Наследие эпохи. Искусство ХХ века из собрания Государственной Третьяковской галереи» көрмесі ашылады. Онда Третьяков галереясының қорынан 30 туынды ұсынылады.

Сондай-ақ министрлер Қазақстанның Ұлттық музейінде «Эрмитаж күндері» жобасын өткізу мәселесін қарастырды.
Кездесу барысында Арман Қырықбаев Ольга Любимоваға II дәрежелі «Достық» орденін табыстады. Ресей министрі Қазақстан мен Ресей арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға, екі елдің мәдени байланыстарын дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін марапатталды.