Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Руслан Берденовті сәуірде атыс қаруымен әкімдік ғимаратының алдында атып, ауыр жаралаған Ернар Жиембайға үкім шықты, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Сот үкімімен Ернар Жиембай 9 жылға сотталды.
ЕРНАР ЖИЕМБАЙДЫҢ ІСІ
Руслан Берденовке оқ атқан Ернар Жиембайдың ісі қоғамда үлкен резонанс туғызғаны белгілі. Прокурор айыпталушыны 11 жыл 3 айға бас бостандығынан айыруды сұраған. Жиенбайға қылмыстық кодекстің 24-бабының 3-бөлігі және 99-баптың 1-бөлігі бойынша, яғни адам өлтіруге оқталу бабымен айып тағылған. Ал қорғау тарабы бұл бапты заңсыз деп санайды, олар жағдайды алдын ала ойластырылған кісі өлтіру емес, тек қылмысқа дайындық ретінде қарау қажет деп есептейді. Жиембайдың өзі сотта өзін тек бір баппен соттауды өтінген.
ОҚИҒА ЖАЙЛЫ
Оқиға биыл жазда Шымкентте басталған. Ернар Жиембай — «Тұрғын үй Шымкент» ЖШС-ның бұрынғы директоры, ал жәбірленуші Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Руслан Берденов. Жанжалдың түп-төркіні қызғаныш пен ар-намыс мәселесіне байланысты шыққан деген нұсқа тарағанымен Руслан Берденов жоққа шығарады. Айыпталушының сөзіне сенсек, Берденов оның әйелінің телефонына жеке хабарламалар жіберген. «Сен сұлусың» деген сияқты сөздер және әлеуметтік желідегі парақшасына лайк басқан. Жиембайдың сөзінше, Берденов одан Шымкент әкімі Ғабит Сыздықбековке қарсы жалған айғақ беруді сұраған.
Сотта Руслан Берденов атыс сәтін егжей-тегжейлі сипаттап берді. Оның айтуынша, алғашқы оқ көліктің капотын тесіп өткен, одан кейін тағы төрт рет оқ атылып, бәрі өзіне тиген. Ол көліктің екінші жағына тығылып үлгергенімен, айыпталушы жақындап келіп, қаруды қайта оқтауға әрекеттенгенін мәлімдеді. Руслан Берденов Ернар Жиембайдың әйелін танымайтынын мәлімдеді. Сотта айыпталушыға қарата “еркек болсаң әйеліңді бұл іске араластырмас едің” деді. Берденовтің сөзінше, Жиембай өз міндетіне алған шаруаны адал атқармай, есебін ұсына алмаған. Кикілжің сол үшін туындаған.
Ернар Жиембай адам өлтіру пиғылы болмағанын айтып, сотта бірнеше рет кешірім сұрады. Қорғаушы тарап мұны алдын ала жоспарланбаған, ар-намысқа тиген сөздерден туған қақтығыс деп сипаттап, 63-бап аясында шартты жаза қолдануды немесе бас бостандығынан айырмауды сұраған еді.