Атом энергетикасы бір ғана станция салумен шектелмейді – Сәтқалиев

Астанада Атом саласы қызметкерлері күніне арналған салтанатты іс-шара өтті. Жиында саланың ардагерлері мен мамандары марапатталып, атом энергетикасын дамыту және кадр даярлау мәселелері сөз болды, деп хабарлайды Tizgin.kz Атом энергиясы агенттігінің мәліметіне сүйеніп.
Іс-шараға ғалымдар, инженерлер, салалық ұйымдардың басшылары мен кәсіби қауымдастық өкілдері қатысты.
Атом энергетикасы бір станция салумен шектелмейді
Биыл кәсіби мереке Қазақстанның атом энергетикасындағы жаңа кезеңмен тұспа-тұс келіп отыр. Қазіргі Қазақстандағы алғашқы атом электр станциясын салу жөніндегі келісімшартқа қол қойылған. Құрылыс жұмыстарын 2027 жылы бастау жоспарланып отыр.
Атом энергиясы агенттігінің төрағасы Алмасадам Сәтқалиев сала қызметкерлері мен ардагерлерін құттықтап, атом энергетикасы технология, ғылым, өнеркәсіп және кадр даярлау бағыттарында жаңа мүмкіндіктер ашатынын айтты.
«Атом энергетикасы бір ғана энергетикалық нысан салумен шектелмейді. Бұл – жаңа құзыреттер мен технологиялар, отандық өндіріс пен ғылымды дамыту, жоғары білікті мамандар даярлау және заманауи инженерлік мектеп қалыптастыру», — деді Алмасадам Сәтқалиев.
Оның айтуынша, жаңа міндеттерді орындауда мамандардың білімі, тәжірибесі мен кәсіби жауапкершілігі шешуші рөл атқарады. Сондықтан ұрпақтар сабақтастығын сақтап, ардагерлер жинақтаған тәжірибені жас мамандарға жеткізу маңызды.

Атом саласы электр энергиясын өндірумен ғана шектелмейді. Ол уран өнеркәсібін, ядролық медицинаны, ғылыми зерттеулерді және білікті кадр даярлауды да қамтиды. Осы бағыттарды дамыту елдің энергетикалық қауіпсіздігін нығайтуға, жоғары технологиялық өндірістер мен ғылымның өркендеуіне ықпал етеді.
Қазір Қазақстанда атом саласының мамандарын 12 отандық жоғары оқу орны мен «МИФИ» Ұлттық зерттеу ядролық университетінің филиалы даярлайды. 2000 жылдан бері еліміздің жоғары оқу орындарында ядролық және атом энергетикасы бойынша 4,5 мыңнан астам маман білім алған.
Салаға еңбегі сіңген мамандар марапатталды
Салтанатты жиында атом саласына елеулі үлес қосқан мамандарға «Атом саласының үздігі» төсбелгісі табысталды.
Марапатталғандар қатарында Атом энергиясы агенттігінің, Ұлттық ядролық орталықтың, Ядролық физика институтының, «Қазақстандық атом электр станциялары» ЖШС-нің, «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясының және өзге де ұйымдардың өкілдері бар. Олардың кәсіби еңбек өтілі 4 жылдан 47 жылға дейінгі аралықты қамтиды.
Төсбелгіге ие болғандардың арасында «Казводоканалпроект» компаниясының инженерлік ізденістер бөлімінің бастығы Эриксон Цой, Ұлттық ядролық орталықтың Атом энергиясы институты филиалындағы нейтрондық физика зертханасының бастығы Ирина Прозорова, «Семізбай-U» компаниясының Иіркөл филиалының директоры Мұқанбетжан Салқынбаев бар.
Сондай-ақ Ұлттық ядролық орталықтың Геофизикалық зерттеулер институтына қарасты Арнайы сейсмикалық ақпаратты жинау және өңдеу орталығының талдау және ғылыми зерттеулер тобының бастығы Ирина Аристова мен Ядролық физика институтының бас маманы Заря Букенова марапатталды.
Атом саласына және қоғамдық диалогты дамытуға қосқан үлесі үшін агенттіктің Қоғамдық кеңесінің төрағасы Сәлімбай Шүнеев пен кеңес мүшелері Евгений Больгерт, Қасым Жұмаділов және Дәурен Әбен Қазақстан Республикасының Құрмет грамоталарымен наградталды.