Маңғыстауда тағы бір әскери қызметші қаза тапты деген ақпарат жалған болып шықты

Facebook әлеуметтік желісінде Маңғыстау облысында тағы бір әскери қызметшінің қаза тапқаны туралы ақпарат тараған. Жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығы бұл мәліметтің шындыққа сәйкес келмейтінін мәлімдеді, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Төрт ведомствоның мәліметі бойынша ақпарат расталмады
Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің Жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығы әлеуметтік желіде аталған ақпаратты бұрмалап тарату әрекетін тіркеген. Орталыққа Ішкі істер министрлігі, Ұлттық ұлан, Шекара қызметі және Қорғаныс министрлігі ұсынған мәліметтер бойынша әскери қызметшінің қаза тапқаны туралы хабар расталмаған.
«Бұл ақпарат шындыққа сәйкес келмейді», – деп мәлімдеді орталық.
Ресми дереккөзге сүйенуге шақырды
Орталық әлеуметтік желі қолданушыларын ресми дереккөзге сілтемесі жоқ ақпаратқа сенбеуге шақырды.
Сондай-ақ дәйексіз мәлімет таратудың жауапкершілігі бар екенін еске салды.
«Дәйексіз ақпаратты тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құқықтық салдарға әкеп соғуы мүмкін», – делінген хабарламада.