«Ұрып-соғып, тұншықтырған»: Астанада бұрынғы күйеуінің қолынан қаза тапқан әйелдің құрбысы тың дерек айтты
Астанада бұрынғы күйеуінің қолынан қаза тапқан 30 жастағы әйелдің құрбысы әлеуметтік желіде жазба жариялап, істің мән-жайын айтып, әділдік орнатуға көмектесуді сұрады, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Марқұм бұған дейін полицияға екі рет арызданған
Оның сөзінше, марқұм бұған дейін полицияға екі рет арызданған.
«23.09.26 жылы Астана қаласында, біздің кұрбымыз, 1996 жылы 1 наурызда туған Адауова Жазира қаза тапты. Сараптама қорытындысына сейкес, оның бұрыңғы күйеуі оған 16 рет пышақ жарақатын салған. Осы жағдайға дейін полицияға 2 рет арыздаңған. Бірінші рет 18.08.2026 жылы адамды ұрлау, ұрып-соғу, адамның өміріне қастандық жасау бойынша, екінші рет рет 07.09.2026 жылы үйінің маңайында пышақпен аңдып тұрғаны үшін арыз жазылған. Өкінішке қарай, соңы осылай аяқталды», – деп жазды марқұм Жазираның құрбысы.

Құрбысы күдіктіге қатысты қандай шара қолданылғанын айтты
Оның жазуынша, бірінші арыздан кейін оны қамауға алып, тек көлік жүргізу кезінде мас болғаны үшін 15 тәулікке қамаған.
«Ал адамның өміріне қастандық жасап, өлтіруге әрекеттенгені үшін оны қамауға алмады, босатып жіберді. Әділдікке қол жеткізуге көмектесулеріңізді сұраймыз. Барлық кінәлі тұлғаларды заңға сәйкес жауапкершілікке тартып, оларға барынша қатаң жаза тағайындалуын сұраймыз. Кінәлі адам өз жазасын алып, ұзақ мерзімге бас бостандығынан айырылуы тиіс», – деп жазды ол.
«Ол балаларын шексіз жақсы көрді»
Оның айтуынша, Жазира өмірді жақсы көрді және болашаққа жоспар құрды.
«Ол балаларын шексіз жақсы көрді және оларға бақытты болашақ сыйлауды армандады. Бұрынғы жолдасы оның балаларын ең қымбат адамынан айырды. Біз полицияға бірнеше рет арыз жаздық. Бірақ оны іздеген де жоқ, іс те орнынан қозғалмады. Ал ол болса қала ішінде еркін жүріп, құрбымды аңдып жүрді. Оны алғаш өлтіруге әрекет жасағанда, ұрып-соғып, тұншықтырған. Ол алдын ала сөмкенің екі белдігін дайындап қойған. Бірін оған, екіншісін өзіне деп айтқан. Құрбым қашып құтылып үлгерді. Тамыз айында және қыркүйектің басында оны тағы да өлтіруге әрекет жасалды. Бұл жолы қолына пышақ алып, үйінің маңында оны аңдып күткен. Өкінішке қарай, үшінші рет болған жағдайдың алдын алып үлгермедік. Жаның жәннатта болсын, жан құрбым», – деп жазды марқұмның құрбысы.
Күдіктінің бұрын полицияда жұмыс істегені айтылды
Сондай-ақ, әлеуметтік желіде қамауға алынған күдіктінің бұрын полиция қызметкері болғаны туралы ақпарат тарады.
«Ол Сарыарқа ауданы полиция басқармасына қарайтын Соқпақбаев көшесінде участковый болған. Бұл кісіні біз жақтың тұрғындары да біледі. Күнде келіп жүрген жері болған соң бәріміз көреміз», – деп жазылған жазбада.


threads.com/@baba.azizzz
Еске салсақ, Астанада әйел бұрынғы күйеуінің қолынан қаза тапты. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Полиция департаменті күдіктінің полиция қызметкері екенін жоққа шығарса, әлеуметтік желіде оның полиция қызметкері болғанын растайтын суреттері тарауда.