$ 454.98 € 509.53 ₽ 5.37
Жаңалықтар

Экс-министр Мусин inDrive иесі Томскийдің үйлену тойында оған сәйгүлік мінгізді

inDrive негізін қалаушы Арсен Томский үйлену тойына алған ерекше сыйлығы туралы айтты. Бағдат Мусин кәсіпкерге Барбарис атты жеті жасар таза қанды мініс жылқысын сыйлаған, деп хабарлайды Tizgin.kz.

«Қазақстанда жылқы сыйлайды»

Томский бұл туралы Threads желісіндегі парақшасында жазды. Кәсіпкер тойға берілген сыйлығын таныстырып, Қазақстандағы ат мінгізу дәстүріне назар аударған.

«Үйлену тойына әдетте конверт сыйлайды. Ал Қазақстанда жылқы сыйлайды! Таныс болыңыздар – Барбарис, таза қанды мініс жылқысы, жасы жетіде. Бағдат Мусиннің үйлену тойыма жасаған сыйлығы», – деп жазды Томский.

Кәсіпкердің айтуынша, оның көп жылдан бері жеке автокөлігі жоқ. Күнделікті қатынауға inDrive қызметін пайдаланады немесе көлікті жалға алады.

«Енді жеке көлігім бар. Тарифі – сәбіз бен алма», – деп әзілдеді ол.

Желі қолданушылары да кәсіпкердің қалжыңын жалғап, жаңа бизнес бағытын ұсынды.

«Қазақстанда ON HORSE деген жаңа қосымша ашуға қалай қарайсыз?» – деп сұрады оқырмандарының бірі.

Жылқының күтімі қанша тұрады

Retired Racehorse Project бағалауынша, спорттық даярлықтан өтпеген жеті жасар таза қанды мініс жылқысының құны шамамен 1 500-4 000 доллар аралығында болады. Дегенмен бұл – жалпы баға, Томскийге сыйланған Барбаристің нақты құны жарияланған жоқ. Қазақстанда жылқыны бағып-күтуге айына шамамен 150 мың теңгеден, жылына 1,8 млн теңгеден астам қаражат жұмсалуы мүмкін. Бұл сомаға жарысқа қатысу, ветеринар қызметі, вакцина салдыру және жылқыны жаттықтыратын маманның ақысы кірмейді.

Арсен Томский Forbes Kazakhstan басылымының 2026 жылғы Қазақстандағы ең бай 75 кәсіпкер рейтингінде 12-орында тұр. Басылым оның дәулетін 865 млн долларға бағалаған. Кәсіпкер 2026 жылдың тамызында қазақстандық Камила Лұқпановаға үйленді. Үйлену тойы Ыстанбұлда, Босфор жағалауында өткен.

inDrive халықаралық сервисінің негізін қалаушы және бас директоры Арсен Томский TANA қоғамдық қорының басшысы Камила Лұқпановаға үйленген.

Back to top button