“Каспийдегі оқиғағада екі сарбаз неге есепте жоқ” деген сұраққа Қорғаныс министрлігі жауап берді
Қорғаныс министрлігі әлеуметтік желілерде мерзімді әскери қызметтегі матростар Ахметов А.А. мен Мағауия Ә.А. туралы таралып жатқан ақпаратқа байланысты хабарлама таратты, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Министрлік не дейді
Ресми мәліметке сүйенсек, әскери-теңіз күштері өткізген оқу-жаттығу барысында жеке құрамның бір бөлігі жағалауда болып, тиісті оқу міндеттерін орындаған.
“Мерзімді әскери қызметтегі матростар Ахметов А.А. мен Мағауия Ә.А. жағалауда оқу міндеттерін орындаған әскери қызметшілер тобының құрамында болды. Қазіргі уақытта аталған әскери қызметшілер әскери бөлімнің орналасқан жерінде және күн тәртібіне сәйкес әскери қызметін атқарып жүр. Азаматтарды тексерілмеген және шындыққа сәйкес келмейтін ақпаратты таратпауға, сондай-ақ Қорғаныс министрлігінің ресми мәліметтеріне сүйенуге шақырамыз”, – делінген хабарламада.
Бұған дейін тарих ғылымдарының профессоры әрі кәсіби медиатор Дәметкен Сүлейменова мәлімдеме жасап, Маңғыстау облысында 14 сарбаз қаза тапқан кезде олармен бірге суға секіріп, аман қалған нағашысының баласы – Айнар Ахметов те болғанын хабарлаған еді.
Каспийдегі трагедия
24 қыркүйек күні Маңғыстау облысында оқу-жаттығу кезінде тоғыз әскери қызметші қаза тапқаны белгілі болған еді. Кейін құрбан болғандар саны одан да көбейді. Осы оқиғадан кейін Мемлекет басшысының өкімімен 2026 жылғы 25 қыркүйек Қазақстан Республикасында жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды. Аталған оқиға бойынша тергеу екі баппен жүргізіліп жатыр.
Бас прокуратура іс бойынша күдікті лауазымды адамдар анықталғанын хабарлады. 25 күні таңертең соңғы екі әскери қызметкердің денесі табылды.
Осы оқиғадан кейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қорғаныс министрлігіндегі ахуалды кешенді тексеру жөніндегі комиссия құрды.