Туысының мәлімдемесі және Қорғаныс министрлігінің жауабы: матрос Ахметов туралы не белгілі
Дәметкен Сүлейменованың айтуынша, Айнар да өз күшімен жағаға жүзіп жеткен

Тарих ғылымдарының профессоры әрі кәсіби медиатор Дәметкен Сүлейменова мәлімдеме жасап, Маңғыстау облысында 14 сарбаз қаза тапқан кезде олармен бірге суға секіріп, аман қалған нағашысының баласы – Айнар Ахметов те болғанын айтты. Алайда Қорғаныс министрлігі ол сарбаз сол күні жеке құрамның бір бөлігінің сапында жағалауда болғанын хабарлады, деп жазады Tizgin.kz.
“Құрметті желі оқырмандары! Мен Каспий теңізіндегі оқиға туралы мәлімдеме жасайын деп отырмын. Себебі осы әскери жаттығуда менің нағашымның баласының баласы- АЙНАР АСХАТҰЛЫ АХМЕТОВТА БОЛДЫ. Ол өз күшімен жағаға аман шыққан және қасындағы жолдасына көмектескен,бірақ оны алып шыға алмаған. Айнар-БҚО,СЫРЫМ АУДАНЫ,ТОҒАНАСТАН. Ахметов Айнардың әкесі 2-топ мүгедек,анасы ауырады,көп балалы ана,олар баласымен хабарласа алмай отыр. Тек кеше кіші қарындасымен 1-2минут сөйлескен,сосын хабар үзілген. Қазір желіде тірі қалғандар 3 солдат деп көрсетуде, біздің тумамыз сонда тізімде жоқ па, бұл қалай? Айнар кеше сөйлескен дірілдеп дұрыс сөйлей алмай тұрған сияқты деп,қарындасы айтып отыр”, – деп жазды ол желіде.
Профессор осы мәселені БҚО басшылары, Сырым ауданың басшыларынан тез арада анығын біліп беру сұралатынын, баланы көруге Астанадан баруға әзір екенін жеткізді.
Қорғаныс министрлігі әлеуметтік желілерде мерзімді әскери қызметтегі матростар Ахметов А.А. мен Мағауия Ә.А. туралы таралып жатқан ақпаратқа байланысты хабарлама таратып, мерзімді әскери қызметтегі матростар Ахметов А.А. мен Мағауия Ә.А. жағалауда оқу міндеттерін орындаған әскери қызметшілер тобының құрамында болғанын, қазіргі уақытта аталған әскери қызметшілер әскери бөлімнің орналасқан жерінде және күн тәртібіне сәйкес әскери қызметін атқарып жүргенін хабарлады.
Каспийдегі трагедия
24 қыркүйек күні Маңғыстау облысында оқу-жаттығу кезінде тоғыз әскери қызметші қаза тапқаны белгілі болған еді. Кейін құрбан болғандар саны одан да көбейді. Осы оқиғадан кейін Мемлекет басшысының өкімімен 2026 жылғы 25 қыркүйек Қазақстан Республикасында жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды. Аталған оқиға бойынша тергеу екі баппен жүргізіліп жатыр.
Бас прокуратура іс бойынша күдікті лауазымды адамдар анықталғанын хабарлады. 25 күні таңертең соңғы екі әскери қызметкердің денесі табылды.
Осы оқиғадан кейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қорғаныс министрлігіндегі ахуалды кешенді тексеру жөніндегі комиссия құрды.