TOP-1Оқиға

Каспийдегі оқу-жаттығу кезінде тоғыз әскери қызметші қаза тапты

Маңғыстау облысында оқу-жаттығу кезінде тоғыз әскери қызметші қаза тапты. Алдын ала мәлімет бойынша, 19 адамды теңізге алып кеткен. Олардың үшеуі құтқарылып, тағы жетеуін іздеу жалғасып жатыр, деп хабарлайды Tizgin.kz Қорғаныс министрлігіне сілтеме жасап.

Оқу-жаттығу кезінде ауа райы күрт бұзылған

Қайғылы оқиға 24 қыркүйекте Каспий теңізінің жағалауында болған. Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, Әскери-теңіз күштерінің әскери қызметшілері оқу-жауынгерлік тапсырманы орындап жатқан кезде ауа райы күрт бұзылып, жел күшейген.

«Алдын ала ақпарат бойынша, 19 әскери қызметшіні теңізге алып кеткен. Қазіргі уақытта тоғыз әскери қызметшінің қаза тапқаны тіркелді. Үш адам құтқарылды, олардың біреуі ауруханаға жатқызылды. Қалғандарын іздеу жұмыстары жүргізіліп жатыр», – деп хабарлады министрлік.

Осылайша, тағы жеті әскери қызметшінің тағдыры әзірге белгісіз. Іздеу операциясына Әскери-теңіз күштерінің бөлімшелері, Төтенше жағдайлар министрлігі, авиация және өзге де қызметтер жұмылдырылған.

Қорғаныс министрі оқиға орнына шұғыл аттанды

Оқиғаның мән-жайын анықтау үшін Қорғаныс министрлігі арнайы комиссия құрды. Оны қорғаныс министрі Дәурен Қосанов басқарады. Министр оқиға орнына шұғыл аттанған.

Ведомство қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына қажетті көмек пен қолдау көрсетілетінін мәлімдеді.

АЯН ӨРІБАЙ

Аян Өрібай – журналист, Tizgin.kz ақпарат-сараптама порталының бас редакторы, Tizgin ЖШС директоры. Журналистика саласында 10 жылдан аса тәжірибесі бар. Еңбек жолын ШҚО Ақпараттық орталығында маман болып бастап, Өскемендегі облыстық «Менің Өлкем» жекеменшік газетінде тілші қызметін атқарған. Кейін Астанадағы «ҚазАқпарат» ХАА-да тілші, Ulysmedia.kz порталында арнайы тілші болып еңбек еткен. «Үркер» ұлттық сыйлығының иегері.
Back to top button