Айыппұлын төлемей қойғандар жүргізуші куәлігінен айырылады
Бұдан былай Қазақстанда айыппұлын төлемей қойғандар жүргізуші куәлігінен бір жылға айырылады. Бұл туралы үкімет отырысында ішкі істер министрі Ерлан Сәденов мәлім етті, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Жол ережесін бұзғандар балл жинайды
Министрдің айтуынша, ІІМ жол қауіпсіздігін күшейту үшін халықаралық тәжірибені зерделеп, балдық жүйе енгізу мәселесін пысықтап жатыр.
«Қазіргі уақытта айыппұлды елемейтін «өрескел» құқық бұзушылар бар. Олармен күресу мақсатында «баллдық» жүйені енгізуді пысықтаудамыз. Ол әрбір заңбұзушылықты және оның ауырлығын ескереді. Айыппұлмен қатар, бірнеше мәрте және ауыр бұзушылықтар үшін жүргізуші куәлігін 1 жылға тоқтату көзделеді. Тиісті түзетулерді Құрылтайдың қарауына енгіземіз», – деді Сәденов.
ІІМ тиісті заңнамалық өзгерістерді ұсынуды жоспарлап отыр.
Такси жүргізушілерін тексеру күшейеді
Сәденов 2025 жылдан бастап такси агрегаторларына бақылау күшейтілгенін де айтты. ІІМ олармен цифрлық ақпарат алмасуды жолға қойған.
Министрдің мәліметінше, агрегаторларға оң рульді 70 мың көліктің тізімі жіберілген. Мұндай автомобильдер енді такси ретінде тіркеле алмайды.
Сонымен қатар жүргізуші куәліктерін автоматты түрде тексеру енгізіліп жатыр. Соның нәтижесінде жүргізуші куәлігі жоқ азаматтар такси жүргізушісі ретінде жұмыс істей алмайды.