Зерттеушілер Украинадағы соғыста Ресейдің қанша сарбазы өлгенін анықтады
Ресейдің қаза тапқан әскерилері туралы дерекқор жарияланды
Ресей Украинаға кең ауқымды басқыншылық соғысын бастаған 2022 жылдың 24 ақпанынан бері кемі 258 989 ресейлік әскери қызметкер қаза тапқан. Бұл – BBC-дің орыс қызметі мен «Медиазона» басылымы журналистерінің еріктілермен бірлесіп, ашық дереккөздер негізінде жасаған есебі, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Қаза тапқандардың нақты саны бұдан әлдеқайда көп болуы мүмкін.
Қаза тапқандардың 7700-ге жуығы – офицерлер
Журналистер анықтаған тізімде Ресей армиясы мен өзге де күштік құрылымдардың 7700-ге жуық офицері бар. Есепке қаза тапқаны туралы мәліметі ашық дереккөздерден табылған адамдар ғана енгізілген. Сондықтан бұл көрсеткіш Ресейдің соғыстағы адам шығынын толық қамтымайды. BBC мен «Медиазона» қаза тапқан әскерилер туралы ашық дерекқор да жариялады. Онда олардың аты-жөні, әскерге шақырылған жері, әскери атағы, сондай-ақ қаза тапқан күні мен орны көрсетілген.
«Ішінара» мобилизация жарияланғанына төрт жыл толды
2026 жылғы 21 қыркүйекте Ресей президенті Владимир Путиннің «ішінара» мобилизация жариялағанына төрт жыл толды. Ол бұл шешімді Украинаға басып кіргеннен кейін, 2022 жылғы 21 қыркүйекте мәлімдеген еді.
Берілген мәліметке сәйкес, қазір мобилизация аясында әскерге шақыру жүргізілмейді. Алайда оны тоқтату туралы президент жарлығы шықпаған. Осыған байланысты мобилизация ресми түрде аяқталған жоқ.