$ 454.98 € 509.53 ₽ 5.37
Тергеу

Тараздағы төбелесте көзінен айырылған оқушының анасы әділдік іздеп жүр

Тараздағы гимназиялардың бірінде төбелес кезінде көзі ауыр жарақаттанған 16 жастағы оқушыға алты рет ота жасалған. Жасөспірімнің анасы оқиғаға қатысқан бірнеше баланың ішінен тек біреуі ғана сот алдында жауап беріп жатқанына наразы. Бұл туралы КТК телеарнасына сілтеме жасап Tizgin.kz хабарлайды.

Оқушыға алты рет ота жасалған

Оқиға сәуір айының ортасында, үзіліс кезінде болған. Оныншы сынып оқушысының айтуынша, тоғызыншы сыныпта оқитын балалар оны ұлдардың киім ауыстыратын бөлмесіне сөйлесуге шақырған. Алайда әңгіме соңы соққыға жығуға ұласқан.

«Екінші сабақ аяқталып, келесі сабаққа бара жатқанбыз. Алдымда келе жатқан тоғызыншы сынып оқушысы иығымнан итерді. Киім ауыстыратын бөлмеде олар мені бірден ұра бастады. Құлаған кезімде көзіме бірдеңе болғанын сездім. Немен ұрғанын көрмедім», – дейді жасөспірім.

Содан бері оқушыға алты рет ота жасалған. Анасы Зухра Каримованың айтуынша, дәрігерлер көзін сақтап қалу үшін күрделі операциялар жасағанымен, жарақаттың салдары қайтымсыз екенін айтқан. Жасөспірім күнделікті қозғалысын да шектеуге мәжбүр. Тіпті қырынан жатуына болмайды. Анасының сөзінше, ол сәуірден бері уақыттың басым бөлігін етпетінен жатып өткізеді. Бұл – отадан кейін көздің тор қабығын қажетті қалыпта ұстап тұру үшін қойылған талап.

Қазір оқушы тағы бір отаға дайындалып жатыр. Телеарна мәліметінше, дәрігерлер екінші көзіне де әсер етуі мүмкін асқынуларды анықтаған.

Анасы тек бір баланың жауапқа тартылғанына наразы

Зухра Каримова ұлын бірнеше бала ұрғанын, алайда сот алдында олардың біреуі ғана жауап беріп жатқанын айтады. Оның сөзінше, оқиғаға қатысқан тағы бір жасөспірімнің іс прокуратура мен сот арасында жүрген кезде куәгер мәртебесінде екені белгілі болған. Анасы құзырлы органдарға бірнеше рет шағым жолдаған. Ол жоғары тұрған инстанциялардан істің қалай тергелгеніне назар аударуды және оқиғаға қатысқандардың барлығының әрекетіне құқықтық баға беруді сұрайды. Сондай-ақ істі топ болып денсаулыққа ауыр зиян келтіру ретінде қарау қажет деп санайды.

Іс қазір Жамбыл облысының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралып жатыр. Облыстық соттың баспасөз қызметі процеске кәмелетке толмаған адам қатысатындықтан, отырыстардың жабық өтіп жатқанын хабарлаған.

Ал анасының іске қатысушылардың мәртебесіне қатысты шағымына берілген ресми түсініктеме КТК материалында келтірілмеген.

Back to top button