$ 454.98 € 509.53 ₽ 5.37
TOP-2Жаңалықтар

Қазақстан ҰҚШҰ оқу-жаттығулары үшін Ресейге әскері мен техникаларын жібереді

21 қыркүйек пен 5 қазан аралығында Қазақстаннан Ресейге және кері бағытта әскери техника мен жеке құрам теміржол арқылы тасымалданады. Жоспарлы қозғалыс Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының оқу-жаттығуларына байланысты, деп хабарлайды Tizgin.kz Қорғаныс министрлігіне сілтеме жасап.

Әскери техника Челябі облысына жеткізіледі

Министрліктің мәліметінше, 24 қыркүйек пен 3 қазан аралығында Ресей аумағында ҰҚШҰ-ның «Өзара іс-қимыл – 2026», «Іздеу-2026» және «Эшелон-2026» оқу-жаттығулары өтеді.

Оларға дайындық және өткізу кезеңінде әскери техника мен жеке құрам Қазақстан аумағынан Ресейдің Челябі облысындағы Мисящ стансасына жеткізіліп, кейін кері қайтарылады. Тасымал теміржол көлігімен жүзеге асырылады. Оқу-жаттығулар кезіндегі далалық сабақтарда шеру дайындығы, бөлімшелерді басқару және қойылған міндеттерді орындау пысықталады.

Іс-шаралар ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің жауынгерлік даярлық жөніндегі бекітілген жоспарларына сәйкес ұйымдастырылады. Аталған оқу-жаттығулар ұйымға мүше елдердің аумағында тұрақты түрде кезекпен өткізіледі.

Министрлік тексерілмеген ақпарат таратпауға шақырды

Қорғаныс министрлігі азаматтардан, БАҚ өкілдері мен әлеуметтік желі пайдаланушыларынан тек ресми дереккөздерде жарияланған мәліметтерге сүйенуді сұрады.

Ведомство әскери техника мен жеке құрамның қозғалысына қатысты тексерілмеген ақпаратты таратпауға шақырды. Сондай-ақ жалған ақпарат тарату Қазақстан заңнамасына сәйкес жауапкершілікке әкелетінін еске салды.

Back to top button