«Мысықтың құлағын тістеді»: әкесі мен қызы қаралым үшін қатыгез видео түсірді
Әлеуметтік желіде қаралым мен сыйлық үшін мысықты қинап, қорқытып, азаптаған әкесі мен қызының видеосы тарады. Желі қолданушылары жануарға жасалған әрекетті қатыгездік деп бағалап, жағдайды тиісті органдар тексеруі керек екенін жазды, деп хабарлайды Tizgin.kz.
«Деніміз сау!»
Видеода әкесінің мысықтың құлағын тістеп отырса, қызы тікелей эфирде жазылған пікірлерді оқып отыр.
«Бір роза беремін – мысықты тасташы. Дендерің сау ма?» дейді. Деніміз сау! Біздің денімізде нең бар, өзіңнің деніңе қарап ал! 12 адам кірді! 20-22 адам кірді!», – деді қыз.
Осыдан кейін әкесі мен қызы мәз болып, мысықты орамалға орап мәпеледі.
«Ақша үшін жануарды қинауды тоқтатыңдар»
Оқырмандар ашуланып, түрлі пікір жазды.
«Қазақстан заңнамасында жануарларға қатыгездікпен қарауға жауапкершілік қарастырылған. Видеоны сақтап қойыңдар: мұндай әрекетке тиісті органдардың назарын аудару керек. Жануарды ақша үшін қинауды дереу тоқтатыңдар! Тірі жанның азабын көрерменнің көңілін көтеру үшін пайдалануға болмайды», – деп жазды Әйгерім есімді оқырман.
Ардақ Жұмабекұлы есімді оқырман бұл әзіл де, ойын да емес екенін жазды.
«Әлеуметтік желідегі қаралым мен сыйлық үшін осындай қатыгездікке баратын адам ақша үшін тағы неге баруы мүмкін деген сұрақ туады. Мысықты ұрып, тістеп, қинауды контентке айналдыру — әзіл де, ойын да емес. Ең сорақысы — мұның бәрін қызының көзінше жасап отыр. Мұндай әрекетті қараусыз қалдырмай, тиісті органдар тексеруі керек. Қатыгездікті қалыпты нәрсеге айналдырмайық!», – дейді ол.