Аймағамбетов мүгедектікті қайта растау жүйесін реформалауды ұсынды
Құрылтай депутаты Асхат Аймағамбетов мүгедектікті қайта растау және науқастарды стационарға жатқызу кезінде кездесетін артық медициналық рәсімдерді қысқарту мәселесін көтерді, деп хабарлайды Tizgin.kz.
«МӘМС үшін – артық шығын»
Аймағамбетовтің сөзінше, былтыр комитет денсаулық жағдайы тұрақты әрі қайтымсыз сипат алған адамдарды мүгедектігін қайта растау үшін міндетті түрде ауруханаға жатқызу мәселесін көтерген.
«Егер адамға ауруханаға жатудың қажеті болмаса және стационарлық тексеру сарапшыларға жаңа ақпарат бермесе, оны тек медициналық-әлеуметтік сараптамаға жолдама алу үшін ауруханаға жатқызудың мәні неде?» – деп жазды депутат.
Депутаттың айтуынша, мұндай жағдайда азамат дәрігерге жазылып, талдау тапсырып, жолдама рәсімдеп, емдеуге жатқызу порталы арқылы кезекке тұруға мәжбүр болған. Кейін медициналық қажеттілік болмаса да ауруханаға жатып, қайта тексеруден өткен.
«МӘМС жүйесі мен бюджет үшін – артық шығын. Адам үшін – жоғалған уақыт пен қосымша қиындық. Дәрігерлер үшін – артық жүктеме. Басқа науқастар үшін – стационардағы орынды ұзағырақ күту», – деді Аймағамбетов.
Оның сөзінше, мәселе Денсаулық сақтау және Еңбек министрліктерімен талқыланып, заңға тәуелді актілерге өзгерістер енгізу арқылы ортақ шешім табылған.
Медициналық артық тексерулер
Аймағамбетов тағы бір мысал ретінде онкологиялық стационарға жатқызар алдында ЭКГ, эхокардиографиядан өтіп, кардиолог кеңесін алу талабын келтірді. Сөзінше, тиісті тәуекел болмаса да бұл тексерулер міндетті түрде жүргізіледі.
Депутат Қарағандыдағы бір онкологиялық орталықтың өзінде жыл сайын шамамен 17 мың науқас стационарға жатқызылатынын айтып, мұның мыңдаған қайталама тексеруге әкелетінін айтты. Ол мұндай мәселелерді тек цифрландыру арқылы шешу жеткіліксіз деп есептейді.
«Артық рәсімді электронды форматқа көшіру оның артықтығын жоймайды. Ол тек электронды артық рәсімге айналады. Медициналық-әлеуметтік сараптама жүйесіне де реформа қажет. Мұнда екі міндетті қатар шешу керек: мүгедектікті негізсіз белгілеуге жол бермеу және көмек алуға құқығы бар адамдарға қойылатын артық кедергілерді жою. Реформаның нәтижесі әр адамға түсінікті болуы керек: заң бұзушылықтарға мүмкіндік азайып, бюрократия қысқарып, тиісті көмек шын мұқтаж адамдарға уақытында жетуі тиіс», – деді депутат.