Қазақстанның Азиададағы алтын саны үшке жетті: Луценко мен Биғабыл чемпион атанды

Велошабандоз Алексей Луценко мен каратэші Жоламан Биғабыл Азия ойындарында алтын медаль жеңіп алды. Луценко жекелей уақытқа жарыста үздік шықса, Биғабыл финалда өзбекстандық қарсыласын айқын басымдықпен ұтты. Осылайша, Қазақстан құрамасының биылғы Азиададағы алтын жүлделерінің саны үшке жетті, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Луценконың Азиададағы бесінші жүлдесі
Алексей Луценко тасжол велоспортынан жекелей уақытқа жарыста мәреге 41 минут 24,05 секундта жетіп, Азия ойындарының чемпионы атанды. Ол Қазақстан құрамасына осы додадағы екінші алтын медальді әкелді. Бұл – Луценконың Азия ойындарында жеңіп алған бесінші жүлдесі. Велошабандоз 23 қыркүйекте топтық жарыста да бақ сынайды.

Бұған дейін Рината Сұлтанова әйелдер арасындағы жекелей уақытқа жарыста жеңіске жетіп, Қазақстанның алтын медальдар есебін ашқан еді.
Бигабыл финалда 9:1 есебімен жеңді
Қазақстанға үшінші алтынды каратэші Жоламан Бигабыл әкелді. Ол кумитэден 55 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде чемпион атанды. Финалда Бигабыл Өзбекстан өкілі Х. Халимовпен кездесіп, қарсыласын 9:1 есебімен жеңді.
Осылайша, Рината Сұлтанова бастаған жеңіс жолын Алексей Луценко мен Жоламан Бигабыл жалғап, Қазақстан қоржынын тағы екі алтынмен толықтырды.