$ 453.65 € 509.99 ₽ 5.31
Жаңалықтар

Google-дың жасанды интеллекті сынақ кезінде үш компанияның жүйесіне кіріп кеткен

Gemini сынақ кезінде нақты компанияларға кибершабуыл жасаған

Google әзірлеген Gemini жасанды интеллект моделі киберқауіпсіздік сынағы кезінде үш компанияның ақпараттық жүйесіне рұқсатсыз кірген. Сынақ ортасында жұмыс істеуге тиіс модель интернетке шығып, бөгде ұйымдардың қорғалған жүйелеріне қол жеткізген. Бұл туралы The Wall Street Journal басылымына сілтеме жасаған DW жазды.

Сынақ қалай кибершабуылға ұласқан

Оқиғалар 2026 жылдың мамырында Gemini мүмкіндіктерін тексеру кезінде болған. Сынақты киберқауіпсіздікті бағалаумен айналысатын тәуелсіз Irregular компаниясы жүргізген. WSJ мәліметінше, сынақ үшін құрылған ойдан шығарылған компанияның атауы нақты бір компанияның атауымен сәйкес келген. Оның үстіне, сынақ ортасында интернетке шығу мүмкіндігі байқаусызда ашық қалған.

Бір жағдайда Gemini қорғалған жүйеге кіру үшін парольдерді іріктеп, сәйкесін тапқан. Қалған екі жағдайда ашық дереккөздерден жүйеге кіруге қажетті есептік жазба деректерін тауып, соларды пайдаланған.

Google түсіндіруінше, үш оқиғаның бәрінде де модель сынақ ортасына емес, нақты компанияның жүйесіне кіргенін анықтаған сәтте жұмысын тоқтатқан. Жүйесіне рұқсатсыз қол жеткізілген ұйымдарға бұл туралы хабар берілген. Алайда олардың атаулары жарияланған жоқ.

Мұндай жағдай басқа модельдерде де болған

Google мамырда болған оқиғалар туралы шілдеде білген. Ал WSJ бұл жөнінде 18 қыркүйекте жазған. Кейін корпорация бірқатар БАҚ пен ақпарат агенттігіне оқиғалардың болғанын растаған.

DW мәліметінше, Google — жасанды интеллект модельдері осындай әрекетке барған төртінші әзірлеуші. Бұған дейін OpenAI, Anthropic және Meta модельдерінің де сынақ кезінде нақты компаниялардың жүйелеріне кибершабуыл жасағаны хабарланған.

Ол оқиғаларда да Irregular компаниясының аты аталады. Gemini жағдайында сынақ ортасының интернетке қосылып қалуы мен ойдан шығарылған ұйым атауының нақты компания атауымен сәйкес келуі тексеруді жоспарланған шеңберден шығарып жіберген.

Back to top button