Трамп Ресейге қарсы «тозақ санкцияларына» қол қойды
АҚШ президенті Дональд Трамп Ресейге қарсы санкцияларды күшейтуді көздейтін «Линдси Грэм заңына» қол қойды. Құжат Ресей мұнайы мен газын сатып алатын ірі елдерге, сондай-ақ Мәскеуге санкцияларды айналып өтуге көмектесетін мемлекеттерге 100 пайызға дейін баж салығын енгізуге мүмкіндік береді, деп хабарлайды Tizgin.kz порталы Deutsche Welle-ге сілтеме жасап.
Заңда қандай санкциялар қарастырылған
Құжатқа сәйкес, АҚШ президенті Ресейдің мұнайы мен газын сатып алатын бес ірі мемлекетке және Ресейге энергетикалық санкцияларды айналып өтуге көмектесетін тағы бес елге қосымша баж салығын енгізе алады. Баж салығының көлемі 100 пайызға дейін жетуі мүмкін. Бұл шара Ресейдің энергетикалық экспортынан түсетін кірісті азайтып, оның Украинадағы соғысты қаржыландыру мүмкіндігін шектеуге бағытталған.
Алайда заңда кейбір ерекшеліктер де қарастырылған. Ресейден тұтынатын табиғи газының 15 пайыздан азын алатын және импорт көлемін қысқартуға нақты қадам жасап жатқан мемлекеттерге жеңілдік берілуі мүмкін. Сонымен қатар жаңа санкциялар Ресейдің мемлекеттік қызметкерлеріне, банктеріне, кәсіпкерлеріне және мұнай тасымалдауға пайдаланылатын «көлеңкелі флотына» қатысты енгізіледі. Құжатта Иранға қарсы қолданыстағы санкцияларды 2031 жылға дейін ұзарту да көзделген.
Украина президенті Владимир Зеленский Трампқа заңға қол қойғаны үшін алғыс айтты. Оның пікірінше, бұл құжат Мәскеуге қысымды күшейтіп, соғысты тоқтатуға ықпал етуі тиіс.
«Грэм заңы» қалай қабылданды
Санкциялық заң жобасын республикалық сенатор Линдси Грэм мен демократ Ричард Блюменталь 2025 жылдың сәуірінде ұсынған. Құжат шамамен бір жарым жыл бойы АҚШ Конгресінде талқыланды.
Бастапқы нұсқада Ресейден импортталатын тауарларға 500 пайызға дейін баж салығын енгізу ұсынылған. Осыған байланысты бастама қоғамда «тозақ санкциялары» деген атауға ие болды. Кейін Ресей мұнайын сатып алатын елдерге салынатын баж салығының ең жоғары мөлшері 100 пайызға дейін төмендетілді.
Заң жобасының түпкілікті нұсқасы АҚШ президентінің өкілеттігін айтарлықтай кеңейтті. Енді Трамп санкцияларды енгізу немесе олардың күшін жою туралы шешімді Конгреспен қосымша келісудің қажеті жоқ жағдайда қабылдай алады.
Бұл өзгеріс демократтардың сынына ұшырады. Өкілдер палатасындағы демократиялық азшылық жетекшісі Хаким Джеффрис президентке әлемнің кез келген еліне жаңа тарифтер енгізу құқығын беруге болмайтынын айтты. Оның пікірінше, мұндай шешімдер АҚШ экономикасына және қарапайым америкалықтардың тұрмысына кері әсер етуі мүмкін.
Соған қарамастан, заң жобасын қолдаушылар оны Украинаға берілген маңызды саяси сигнал деп бағалады. Ал сарапшылар жаңа өкілеттіктердің Ресеймен бірге Қытай, Үндістан және Еуропа елдеріне де әсер етуі мүмкін екенін айтып отыр.