Қапалда үйге су құбырын тартқан азамат жазуы жұмбақ тақтатас тауып алды

Жетісу облысының Қапал ауылында жергілікті азамат үйіне су құбырын тартып жатқан кезде бірнеше қатар белгісіз таңбасы бар тақтатас тауып алған. Әлеуметтік желіде тараған видеодағы жазба көне түркі руна жазуына ұқсайтыны жайлы болдамдар айтылады, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Ауладан табылған тақтатас
Жергілікті тұрғынның айтуынша, тас үй маңындағы құрылыс жұмыстары кезінде жер астынан шыққан. Оның бетінде бірнеше қатарға ойылып жазылған таңбалар бар.
«Мына тасты тауып алдық. Сыртқы түріне қарағанда, өте көне сияқты. Бірақ қай тілде жазылғанын білмейміз. Шынымен де тарихи жәдігер болуы мүмкін. Ауылымыздағы бір тұрғын үйіне су құбырын тартып жатқан кезде осындай тас тауып алды. Егер білетін адам болса, пікірге жазсын», – деді видео авторы.
Әлеуметтік желі қолданушылары тас бетіндегі таңбалар көне түркі руна жазуына ұқсауы мүмкін екенін жазған. Алайда оның нақты қай кезеңге тиесілі екені және жазуда не айтылғаны әзірге белгісіз.
Капал маңында ортағасырлық ескерткіштер бар
Капал ауылы орналасқан аумақта ортағасырлық кезеңге жататын археологиялық нысандар бар.
Ауылдан шамамен жеті шақырым солтүстік-шығысқа қарай X–XII ғасырларға тиесілі Капал-Қызылағаш-1 қалашығы орналасқан. Табылған тас тақтаның осы тарихи нысандарға қатысы бар-жоғын анықтау үшін мамандардың зерттеуі қажет. Әзірге бұл – жергілікті тұрғындардың болжамы ғана.