$ 441.88 € 503.61 ₽ 5.24
Жаңалықтар

Боливия ормандарынан жүз жылдан кейін жабайы жаңа мысықтың түрі табылды

Боливия ормандарынан ғылымға бұрын белгісіз болған жабайы мысық түрі анықталды. Ғалымдар оған Leopardus tilcayo, яғни тилькайо деген атау берді. Бұл — соңғы жүз жылдан астам уақыттағы жабайы мысықтардың жаңа түріне қатысты алғашқы ірі жаңалық, деп хабарлайды Tizgin.kz BBC-ге сілтеме жасап.

Тигриноның құпиясы қалай ашылды

Жаңа түрдің әзірге ғылымға белгілі жалғыз өкілі — Боливиядағы панажайда тұратын он жастағы Тигрино есімді мысық. Оны бірнеше жыл бұрын жергілікті тұрғын орманнан тауып алып, үй мысығының күшігі деп ойлаған.

Алайда жануар өскен сайын оның мінез-құлқы мен сыртқы бейнесі кәдімгі үй мысығына ұқсамайтыны байқалған. Панажайда ерікті болып жұмыс істеген боливиялық зерттеуші Паола Ногалес-Аскаррунс Тигриноға назар аударып, оның шығу тегін зерттеуге кіріскен.

Ғалымдар тірі жануарлардан және мұражайдағы үлгілерден алынған ДНҚ-ны салыстырған. Зерттеу нәтижесі Тигриноның сыртқы түрі ұқсас өзге мысықтардан генетикалық тұрғыда бөлек екенін көрсетті.

Жергілікті халық бұл жануарды «тилькайо» деп атайды. Сондықтан зерттеушілер жаңа түрге осы атауды берген.

Жаңа түрді қорғау үшін оның мекенін анықтау қажет

Тилькайо көлемі жағынан кәдімгі үй мысығына шамалас. Оның жүні дақты әрі жолақты болып келеді. Осыған ұқсас белгілерге байланысты бұл жануар бұрын басқа жабайы мысық түрлерімен шатастырылып келген.

Зерттеушілер Тигриноның жалғыз өкіл емес екеніне сенімді. Олардың пікірінше, тилькайоның өзге өкілдері Боливияның Юнгас өңіріндегі ормандарда және Оңтүстік Американың басқа да аумақтарында тіршілік етуі мүмкін.

Ғалымдар жаңа түрді анықтау — жұмыстың алғашқы қадамы екенін атап өтті. Ендігі міндет — оның нақты таралу аймағын, санын және тіршілік ерекшеліктерін зерттеу.

Оңтүстік және Орталық Америкада мекендейтін ұсақ жабайы мысықтардың көпшілігі орманның кесілуі, мекен ету ортасының тарылуы және браконьерлік салдарынан қауіпке ұшырап отыр. Сондықтан жаңа түрдің табылуы оны қорғау шараларын уақытында бастауға мүмкіндік береді.

Зерттеу Current Biology журналында жарияланған. Ғалымдардың айтуынша, табиғатта әлі де ғылымға белгісіз көптеген жануар түрі бар. Кейде жаңа жаңалықты алыс аралдан немесе мұхиттың түбінен емес, адамның жанында жүрген жануардан да табуға болады.

Back to top button