$ 454.98 € 509.53 ₽ 5.37
Жаңалықтар

Алматыда самокаттан кісі өлімінің алғашқы фактісі тіркелді (Видео)

Алматыда электросамокат мінген 54 жастағы ер адам жол-көлік оқиғасынан көз жұмды. Полицияның мәліметінше, бұл – қалада электросамокаттың қатысуымен кісі өліміне апарып соққан алғашқы жол апаты, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Көлікті басып озбақ болған

Қайғылы оқиға түнгі уақытта Шығыс айналма автомобиль жолында болған. Алдын ала мәлімет бойынша, ер адам электросамокатпен жолдың сол жақ шетімен шамамен 90 км/сағ жылдамдықпен жүрген. Ол алдында келе жатқан көлікті басып озбақ болған кезде басқару тізгінін жоғалтқан. Ер адам бірнеше секундтан кейін асфальтқа құлап, ауыр жарақат алған. Соққыдан қорғаныш дулығасы да басынан ұшып кеткен. Оқиға орнына полиция қызметкерлері мен жедел жәрдем бригадасы келген. Алайда дәрігерлер ер адамның өмірін сақтап қала алмады. Ол алған жарақаттарынан сол жерде көз жұмды.

Оқиғаның соңғы сәттері жол бойындағы бейнебақылау камералары мен көліктердің бейнетіркегіштеріне түсіп қалған.

Жыл басынан бері 91 жол апаты тіркелген

Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Қазір жол-көлік оқиғасының барлық мән-жайы анықталып жатыр.

Алматы полициясының мәліметінше, жыл басынан бері қалада электросамокаттардың қатысуымен 91 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Соның салдарынан 96 адам жарақат алған. Полиция жоғары жылдамдықтың, әсіресе қорғаныс құралдарынсыз жүрудің қауіпті екенін ескертеді. Электросамокат та – жол қозғалысының қатысушысы. Сондықтан оны тізгіндеген адам жол ережесін сақтап, жылдамдықты бақылауы керек. Бірнеше секундтық асығыстықтың соңы орны толмас қайғыға әкелуі мүмкін.

 

Посмотреть эту публикацию в Instagram

 

Публикация от Алматы қаласының ПД | ДП г.Алматы (@almaty.police)

Back to top button