$ 454.98 € 509.53 ₽ 5.37
ЖаңалықтарОқиға

Ақмола облысында пойыз 13 бас малды қағып кетті

Жолаушылар пойызы тоғыз минутқа тоқтатылды.

Ақмола облысында «Петропавл – Алматы» бағытындағы жолаушылар пойызының алдына мал шығып, салдарынан пойыз 13 бас малды қағып кеткен, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Көлік полициясы департаментінің мәліметінше, оқиға 13 қыркүйекте Макинка – Ельтай аралығындағы теміржол учаскесінде болған. Машинист теміржол жолында ұсақ малдың жүргенін байқап, шұғыл тежеу қолданған, алайда соқтығыстың алдын алу мүмкін болмаған. Оқиғадан кейін пойыз тоғыз минутқа тоқтаған.

Малдың иесі анықталды

Көлік полицейлері малдың иесін анықтады. Ол Ақмола облысының 63 жастағы тұрғыны болып шықты.

Ер адам теміржолдың бөлінген жолағында мал жаю ережесін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Көлік полициясы департаменті бастығының орынбасары Құрмет Мәжікеновтің айтуынша, мал иелеріне теміржол маңында қауіпсіздік талаптарын сақтау қажет.

Жыл басынан бері мыңнан астам пойыз шұғыл тежелген

Полицияның мәліметінше, жыл басынан бері пойыздардың шұғыл тежеуіне байланысты 1005 жағдай тіркелген.

Оның 746-сінде теміржол жолына ауыл шаруашылығы жануарларының шығуы себеп болған.

Полиция мал иелеріне ескерту жасады

Көлік полициясы мал иелерін мал жаю ережелерін сақтауға, жануарлардың теміржолдың бөлінген жолағында жүруіне жол бермеуге және оларды қараусыз қалдырмауға шақырды.

Зарина Қаһарман

Зарина Қаһарман – журналист, Tizgin.kz ақпарат-сараптама порталының тілшісі. Журналистика саласында 10 жылдан аса тәжірибесі бар. Еңбек жолын Өскемендегі облыстық «Менің өлкем» жекеменшік газетінде тілші болып бастап, 2018 жылы Baq.kz ақпараттық порталында, 2019 жылы «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігінде тілші қызметін атқарған. Журналистикадан бөлек, кейінгі жылдары психоанализ саласында кеңесші қызметімен айналысады.
Back to top button