Қазақстанда онкологияға шалдыққан науқастарға қандай тегін ем түрлері бар

Сырқаты бар тұрғындарға ісікке қарсы 150 түрлі дәрілік препарат, жоғары технологиялық операциялар және сәулелік терапияның заманауи әдістері қолжетімді, деп хабарлайды Tizgin.kz Денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасап.
Дәрілік терапияны қалай алуға болады
Ресми ақпаратқа сенсек, жыл сайын 55 мыңнан астам адам дәрілік ісікке қарсы терапия алады. Бүгінде елде 102 химиотерапиялық, 45 таргеттік және 3 иммуноонкологиялық препарат қолданылатын көрінеді. Медициналық көрсетілімдері бар Қазақстан азаматтарына қажетті дәрілік терапия ТМККК шеңберінде ұсынылады.
Нақты препарат пен емдеу схемасын дәрігер диагнозды, ауру сатысын, пациенттің жағдайы және ісік сипаттамаларын ескере отырып, әр пациентке жеке анықтайды.
Қанша ядролық медицина орталығы бар
Мәлім болғандай, республикада 19 ПЭТ/КТ аппаратымен жабдықталған 10 ядролық медицина орталығы жұмыс істейді. Сонымен қатар төрт циклотрондық-өндірістік кешен және бір фотондық эмиссиялық компьютерлік томография жүргізуге арналған жеті аппарат бар.
ПЭТ/КТ медициналық көрсетілімдер бойынша тағайындалады. Тексеруге жолдаманы медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсететін медициналық ұйым рәсімдейді, ал пациенттерді маршрутизациялау республикалық деңгейде үйлестіріледі, – делінген ақпаратта.

Бұдан бөлек, қазақстандық пациенттерге онкологиялық ауруларды емдеудің заманауи әдістері, оның ішінде таргеттік және иммуноонкологиялық терапия, жоғары дозалы химиотерапия және жасушалық иммунотерапия қолжетімді.
Сәулелік терапия алғандар көп пе
Министрлік мәліметінде сәулелік терапия жүргізуге арналған 40-тан астам аппарат, оның ішінде 26 желілік үдеткіш жұмыс істейтіні көрсетілген. Жыл сайын шамамен 15 мың пациент сәулелік терапия алады.
Былтыр Қазақстанда Орталық Азиядағы алғашқы протондық терапия орталығы да ашылды. Онкологиялық практикаға сәулелік емдеудің заманауи технологиялары, оның ішінде адаптивтік, төрт өлшемді және стереотаксикалық терапия, сондай-ақ жоғары дозалы брахитерапия енгізілді, – делінген мәліметте.
Тегін онкологиялық көмек
Егер пациентте тексеру, тағайындалған препараттар, емдеу немесе емдеуге жатқызу бойынша сұрақтар туындаса, ең алдымен емдеуші дәрігерге немесе бөлім меңгерушісіне жүгіну қажет.
Сондай-ақ пациент пен оның жақындары өзі ем қабылдап жатқан Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының (ҚазОжРҒЗИ) немесе онкологиялық орталықтың пациенттерді қолдау қызметіне жүгіне алады. Мұнда медициналық көмекті ұйымдастыру және одан әрі емделу маршруты бойынша түсіндірме алуға болады, – делінген ақпаратта.
Мамандандырылған медициналық көмек деңгейінде онколог дәрігер диагнозды морфологиялық тұрғыдан верификациялауға және ісік процесінің таралу дәрежесін анықтауға бағытталған диагностикалық зерттеулердің толық кешенін жүргізеді.
Қазақстан азаматтарына онкологиялық көмек ТМККК шеңберінде тегін көрсетіледі.