
Украина президенті Владимир Зеленский АҚШ пен Ресей президенттерінің кездесуінен кейін Дональд Трамппен өткізген телефон арқылы сөйлесуін «мазмұнды» деп атады, деп хабарлайды Tizgin.kz BBC-ге сілтеме жасап.
«Президент Трамппен ұзақ әрі мазмұнды әңгіме болды: әуелі бетпе-бет, кейін Еуропа көшбасшыларының қатысуымен. Барлығы бір жарым сағаттан астам сөйлестік, соның шамамен бір сағаты — президент Трамппен. Президент Трамп Ресей басшысымен өткен кездесуінің мазмұны, негізгі тармақтары туралы маған ақпарат берді», — деп жазды Зеленский өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында.
Сонымен қатар ол үшжақты келіссөздер форматына қатысуға келіскенін айтты. «Біз Украина — Америка — Ресей форматындағы үшжақты кездесу туралы президент Трамптың ұсынысын қолдаймыз» деді Зеленский.
Сондай-ақ ол дүйсенбі күні Вашиңтонда Трамппен бірге бітімнің егжей-тегжейін талқылауды жоспарлап отырғанын мәлімдеді.
ТРАМП ПЕН ПУТИННІҢ КЕЗДЕСУІ
АҚШ президенті Дональд Трамп пен Ресей президенті Владимир Путин 15 тамызда келіссөз жүргізгенімен келісімге келе алмады.

Анкориджде 15 тамыз күні АҚШ президенті Дональд Трамп пен Ресей басшысы Владимир Путин кездесті. Келіссөз шамамен үш сағатқа созылған. Бастапқыда Трамп пен Путин аудармашылардың қатысуымен бетпе-бет кездесетіні хабарланған еді. Алайда формат өзгертіліп, келіссөзге АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио мен арнайы уәкіл Стив Уиткофф те қатысты. Ресей жағынан Путиннің жанында көмекшісі Юрий Ушаков пен Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров болған. Келіссөзден кейін Анкориджде Трамп пен Путин бірігіп баспасөз конференциясын өткізді. Онда бір-біріне мақтау сөздер айтысты, бірақ қандай да бір нақты нәтиже жөнінде хабарламады.