$ 454.98 € 509.53 ₽ 5.37
Спорт

Рыбакина Қытайдағы турнирде Қазақстан атынан қатыспайды

Қазақстан Билли Джин Кинг кубогының финалдық кезеңінде Рыбакинасыз ойнайды

Елена Рыбакина Қытайда өтетін Билли Джин Кинг кубогының финалдық кезеңіне қатыспайды. Теннисші ахилл сіңірінің жарақатына байланысты Қазақстанға оралып, медициналық тексеруден өтпек, деп хабарлайды Tizgin.kz Қазақстан теннис федерациясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Федерациясының хабарлауынша, Рыбакина Цинциннатиде өткен WTA 1000 турнирінде ахилл сіңірін жарақаттаған. Соның салдарынан жарыстың ширек финалындағы кездесуін жалғастыра алмаған. Аяғындағы ауырсыну АҚШ ашық чемпионаты кезінде де басылмаған. Теннисші US Open-2026 турнирінде ауырсынуды басатын дәрі қабылдап ойнаған.

Жаттықтырушылар штабының мәліметінше, Рыбакинаның емделіп, қалпына келуіне кемінде екі апта қажет. Осыған байланысты ол алдағы командалық жарыста Қазақстан құрамасы сапында өнер көрсете алмайды.

Қазақстан Испаниямен кездеседі

Билли Джин Кинг кубогының финалдық кезеңі 22-27 қыркүйекте Қытайдың Шэньчжэнь қаласындағы Shenzhen Bay Sports Centre аренасында өтеді. Қазақстан құрамасы 23 қыркүйекте Испаниямен кездеседі.

Рыбакина жуырда US Open финалында Беларусь өкілі Арина Соболенконы 6:4, 5:7, 6:2 есебімен жеңген еді. Осылайша, әйелдер арасындағы жекелей сында «Үлкен дулыға» турнирлерінің үш дүркін чемпионы атанды. Осы аптаның басында ол ресми түрде әлемдік рейтингтің көшін бастады.

Back to top button