$ 454.98 € 509.53 ₽ 5.37
TOP-2Жаңалықтар

Сынап сөйлеген сөзі өтірік болса, Құрылтай депутаттары көп алдында кешірім сұрауға міндеттеледі

Ресми сайтында Құрылтайдың бекітілген регламентінің толық нұсқасы жарияланды. Регламенттің 278-бабы бойынша, депутат көпшілік алдында сөйлегенде анық әрі тексерілген фактілерді ғана пайдалануға міндетті. Егер айтқан сыны өтірік болса, немесе тексерілмеген дерек екені анықталып, біреудің мүддесі мен намысына нұқсан келтірсе, депутат көпшілік алдында кешірім сұрауға міндетті болады, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Регламенттегі талап депутаттың масс-медиада, баспасөз конференцияларында, митингілерде және өзге де көпшілік алдында айтқан сөздері мен мәлімдемелеріне қатысты. Құжат бойынша депутат қоғамдық пікірді бұрмалайтын пайымдауға жол бермеуге, адамның ар-намысы мен қадір-қасиетін қорлайтын сөздерді қолданбауға міндетті. Кешірім сұрауға қатысты шарт та нақты көрсетілген:

«Сынап сөйлеген сөздерінде шындыққа үйлеспейтін не тексерілмеген фактілерді қасақана немесе абайсызда қолданып қалған жағдайда, мүдделері мен намысына нұқсан келген ұйымдардан, органдар мен адамдардан көпшілік алдында кешірім сұрау – депутаттың парызы».

Демек, деректің абайсызда айтылуы депутатты кешірім сұрау талабынан босатпайды. Бұл жерде қате немесе тексерілмеген мәліметтің қолданылуымен бірге, оның біреудің мүддесі мен намысына нұқсан келтіруі де шарт ретінде көрсетілген. Норма азаматтарға ғана қатысты емес. Депутаттың сөзінен мүддесі мен намысына нұқсан келген ұйымдар мен органдар да аталған. Сондықтан депутат мемлекеттік органның жұмысын сынағанда да айыптауының деректік негізде жауап беруі керек.

Құрылтай регламентінің толық нұсқасын мына сілтемеден оқуға болады.

АЯН ӨРІБАЙ

Аян Өрібай – журналист, Tizgin.kz ақпарат-сараптама порталының бас редакторы, Tizgin ЖШС директоры. Журналистика саласында 10 жылдан аса тәжірибесі бар. Еңбек жолын ШҚО Ақпараттық орталығында маман болып бастап, Өскемендегі облыстық «Менің Өлкем» жекеменшік газетінде тілші қызметін атқарған. Кейін Астанадағы «ҚазАқпарат» ХАА-да тілші, Ulysmedia.kz порталында арнайы тілші болып еңбек еткен. «Үркер» ұлттық сыйлығының иегері.
Back to top button