«Даму» арқылы несие әперуге уәде берген алаяқ 4,5 жылға сотталды

Астанада «Даму» қорының бағдарламасы бойынша жеңілдетілген несие алуға көмектесемін деп азаматтарды алдаған адам 4 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды. Жәбірленушілерге келтірілген жалпы шығын 4 млн теңгені құраған, деп хабарлайды Tizgin.kz Астана қаласының прокуратурасына сілтеме жасап.
Әр адамнан 1 млн теңге алған
Прокуратураның мәліметінше, сотталушы азаматтарға «Даму» қорының бағдарламасы арқылы 100 млн теңге көлемінде жеңілдетілген несие алуға жәрдемдесетінін айтқан. Осы қызметі үшін жәбірленушілердің әрқайсысы оған 1 млн теңгеден берген.
Ол азаматтармен консалтингтік қызмет көрсету туралы жалған шарттар жасасқан. Алайда уәде етілген көмек көрсетілмей, жәбірленушілер жалпы сомасы 4 млн теңге шығынға батқан.
Сот үкімі заңды күшіне енді
Мемлекеттік айыптаушы сотта сотталушының кінәсін толық дәлелдеген. Сот оған 4 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Үкім заңды күшіне енді.
Астана қаласының прокуратурасы азаматтарды қаржылық мәселелерде сақ болып, тек уәкілетті ұйымдарға жүгінуге шақырды. Ведомствоның ескертуінше, ақшалай сыйақы үшін несие алуға көмектесуді ұсыну, әсіресе мұндай ұсыныстың делдалдардан түсуі алаяқтықтың белгісі болуы мүмкін.