КТК-ға жасалған шабуылдар Қазақстан бюджетіне қалай әсер етті
Қазақстан мұнай өндіру жоспарын 105 млн тоннадан 96 млн тоннаға төмендетті
Каспий құбыр консорциумындағы (КТК) іркілістер Қазақстанда мұнай өндіру мен экспорт көлемінің азаюына әсер еткен. Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмриннің айтуынша, өндірістің төмендеуінен тікелей және жанама әсерлерді қоса есептегенде экономикаға 1,7 трлн теңге кем түскен, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Мұнай өндірісі мен экспорт неге азайды
Журналистер Азамат Әмриннен КТК-ға жасалған шабуылдардың бюджет кірісіне қалай әсер еткенін, мұнай өндірісінің төмендеуі экономиканың өзге салаларына да қаншалықты салмақ түсіргенін сұрады. Бірінші вице-министр КТК-да өрт те болғанын айтып, геосаяси жағдайдың мұнай өндіру мен экспортқа ықпал етіп отырғанын жеткізді. Оның сөзінше, бюджет түсімдеріне макроэкономикалық көрсеткіштер мен теңге бағамы да әсер етеді. Бастапқыда Қазақстанда 105 млн тонна мұнай өндіру жоспарланған. Алайда қалыптасқан жағдайға байланысты бұл көрсеткіш 96 млн тоннаға дейін төмендетілген.
Әмриннің айтуынша, мұнай экспортының азаюы салдарынан бюджет экспорттық кедендік баж есебінен шамамен 200 млрд теңге кіріс ала алмаған.
1,7 трлн теңге: шығынның жанама әсері қандай
Мұнай өндірісінің төмендеуі тек экспорттан түсетін кіріспен шектелмейді. Амрин оның экономикаға әсерін үш бағытта түсіндірді. Біріншісі – мұнай өндіру мен экспорт көлемінің азаюынан түсетін тікелей кірістің кемуі. Екіншісі мұнай саласына қызмет көрсететін компаниялар табысының төмендеуі. Бұл әсіресе батыс өңірлердегі кәсіпорындарға әсер етеді.
Үшіншісі – осы салада жұмыс істейтін азаматтардың тұтыну шығындарына байланысты жанама әсер. Мұнай кәсіпорындары мен сервистік компаниялар қызметкерлерінің табысы арқылы қаражат саудаға, қызмет көрсетуге және экономиканың басқа да салаларына тарайды. Өндірістің баяулауы осы айналымға да ықпал етеді.
Бірінші вице-министрдің түсіндіруінше, аталған әсерлерді қоса есептегенде, мұнай өндірісінің азаюынан экономикаға шамамен 1,7 трлн теңге кем түскен. Соған сәйкес салық түсімдері де төмендейді.
Демек, 1,7 трлн теңге – бюджеттің тікелей жоғалтқан кірісі емес, мұнай өндірісінің төмендеуінен экономикаға түспеген қаражаттың жиынтық бағасы. Ал экспорттық кедендік баж бойынша бюджетке түспеген кіріс шамамен 200 млрд теңгені құрайды. Амриннің келтірген түсіндірмесінде осы сомалардың барлығы тек КТК-ға жасалған шабуылдардың салдары деп бөлініп көрсетілмеген.