“Отбасы банк” үй аламын деп жинаған зейнетақы ақшасын қайтарып алуы мүмкін
Егер ақша белгіленген мерзімде тұрғын үй мақсатына жұмсалмаса, ол қайтадан БЖЗҚ-дағы зейнетақы шотына қайтарылады, деп хабарлайды Tizgin.kz naryk.kz порталына сілтеме жасап.
Ақшаны қанша жыл пайдалануға болады
БЖЗҚ-дан Отбасы банкінің арнайы шотына аударылған ақшаны пайдалану мерзімі 3 жыл болатын, кейін 6 жылға дейін ұзартылды. Мерзім қаржы БЖЗҚ-дан аударылған күннен бастап есептеледі. Егер азамат зейнетақы жинағын бірнеше рет аударса, әр аударымның пайдалану мерзімі жеке есептеледі.
Мәселен, тұрғын:
- 2021 жылғы желтоқсанда – 2 млн теңге;
- 2022 жылы – 1 млн теңге;
- 2025 жылы – 1 млн теңге аударды десек, мұндайда алғашқы 2 млн теңгені 2027 жылғы желтоқсанға дейін пайдалану керек.
Егер бұл уақытқа дейін тұрғын үй мақсатына жұмсалмаса, ақша БЖЗҚ-ға қайтарылады. Кейін аударылған 2 млн теңгенің пайдалану мерзімі әлі аяқталмайды.
Ақшаны пайдалану мерзімін enpf-otbasy.kz сайты арқылы тексеруге болады. Ол үшін “Өтінімдер” бөлімінен зейнетақы жинағын аударуға қатысты өтінімді тауып, күнін қарау қажет.
Ақшаны қайда жаратуға болады
“Отбасы банкіндегі” депозитке аударылған зейнетақы ақшасын тұрғын үй жағдайын жақсартуға пайдалануға болады. Оған ипотека рәсімдеу, бұрын алынған тұрғын үй заемын қайта қаржыландыру және жер телімі болған жағдайда үй салу кіреді.
Дегенмен депозитке аударылған зейнетақы қаржысын бірден шешіп алуға келмейді. Қаражат тек заңда белгіленген тұрғын үй мақсаттарына жұмсалады.
Банк қоятын талап
Бұған дейін аударылған қаражатты пайдаланғысы келетін азаматтар ипотеканың бастапқы жарнасына қатысты талаптарды ескеруі керек.
“Отбасы банкінің” көптеген стандартты тұрғын үй бағдарламаларында үй құнының 50%-ын жинау талап етіледі.
Мысалы, құны 30 млн теңге болатын пәтерді сатып алу үшін 15 млн теңге керек. Егер депозитте зейнетақы ақшасын қоса алғанда 5 млн теңге ғана болса, азамат тағы 10 млн теңге жинауы керек.
Ақша БЖЗҚ-ға қайтарылса не болады
Егер тұрғын белгіленген алты жыл ішінде депозитке аударылған қаражатты тұрғын үйге пайдаланып үлгермесе, ақша БЖЗҚ-дағы жеке зейнетақы шотына қайтарылады.
Мұндайда қаражатты қайтадан мерзімінен бұрын пайдалану мүмкіндігі шектелуі мүмкін. Өйткені Қазақстанда зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын пайдалануға мүмкіндік беретін жеткіліктілік шектері жыл сайын өзгеріп отырады.