Павлодарда әйелі күйеуінің қазақша баяндама үшін жұмыстан шығарылғанын айтты
Қазақстанда қызметкерді қазақ тілінде қызметтік баяндама жасағаны үшін жұмыстан босатуға бола ма? Әлеуметтік желіде ECOil U.A.E. GROUP компаниясында күзет қызметін атқарған жұбайының жұмыстан босатылғанын айтып, осы жағдайға қатысты мәселе көтерді. Оның айтуынша, WhatsApp желісіндегі жұмыс хат алмасуларында жұмыстан босатудың себептерінің бірі ретінде қызметкердің қазақ тілінде баяндама жасауы көрсетілген, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Бұл жайтты растайтын скриншоттар бар екенін айтқан азаматша компания өкілдерінен еңбек шартын бұзуға қандай құқықтық немесе ішкі негіз болғанын түсіндіруді сұрады.
«Жұмыстан шығаруға қандай нрегіз бар?»
«Көпшіліктің назарына бір жағдайды ұсынып, пікірлеріңізді білгім келеді. Жолдасымды ECOil U.A.E. GROUP (күзет қызметі) жұмысынан босатты. WhatsApp желісіндегі хат алмасуларда жұмыстан босатуға оның қазақ тілінде баяндама жасауы себеп болғаны көрінеді. Бұл жағдайды растайтын хат алмасу скриншоттары бар. Осы қаншалықты дұрыс және заңды? Қазақ тілі — Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі. Қызметкердің өз жұмысын атқару барысында қазақ тілінде баяндама жасағаны үшін жұмыстан босатылуы қаншалықты негізді? Егер жұмыс орнында қызметтік баяндамаларға қатысты тіл талабы болса, оның қандай заңға немесе ішкі ережеге сүйенетінін білгім келеді. Қызметкерден тек басқа тілде сөйлеуді талап етуге бола ма? Қазақ тілінде баяндама жасағаны үшін жұмыстан босатуға қандай негіз бар?», – деп жазды Ләззат Кутанова.
«Заң жүзінде жазалансын»
Оның айтуынша, жалпы жұмыстан шығарғаны емес, мемлекеттік тілде баяндама жасауға рұқсат бермегені үшін ашулы. Ол жолдасы бұл жердегі жұмысынан шығып, басқа жерге жұмысқа орналасқанын да жазды.
«ECOil U.A.E.GROUP компаниясының өкілдерінен осы жағдайға түсініктеме беруін сұраймын. Мәселенің мән-жайын анықтап, мұндай шешімнің қандай негізде қабылданғанын білгіміз келеді. Мен, шыны керек, заң жүзінде жазалағым келеді», – дейді ол.
«Орысша сөйлемесеңіз – жұмыстан шығыңыз»
Төменде хат алмасудың скриншоты:




Оқырмандар оған eOtinish сервисіне кіріп, «Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Павлодар облысы бойынша департаменті» және «Павлодар облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы» мемлекеттік мекемесіне арыз жазуды ұсынды.